FT: Си Цзиньпин Трампқа «Путин соғыс бастағаны үшін өкінетін болады» деп айтқан
Қытай басшысы Путиннің шешімі ұзақ мерзімді салдарға әкелуі мүмкін екенін атап өтті.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Си Цзиньпин АҚШ президенті Дональд Трамппен Пекинде өткен кең көлемді келіссөздер барысында Украинадағы жағдайды да талқылаған. Бұл туралы Financial Times басылымы жазды.
Мәліметке сәйкес, Қытай басшысы Ресей президенті Владимир Путин Украинадағы соғысты бастағаны үшін болашақта өкінуі мүмкін екенін айтқан.
Келіссөздің Украинаға қатысты басқа егжей-тегжейлері жарияланған жоқ. Дегенмен дереккөздер Трамптың АҚШ, Қытай және Ресей арасында Халықаралық қылмыстық сотқа қарсы ортақ ұстаным қалыптастыру идеясын ұсынғанын хабарлады. Оның айтуынша, бұл бағытта үш елдің мүддесі түйісуі мүмкін.
АҚШ президенті Қытайға 13-15 мамыр аралығында сапармен барған. Келіссөздер нәтижесінде тараптар бірқатар сауда келісімдеріне қол жеткізген, соның ішінде Boeing ұшақтарын сатып алу және АҚШ-тан ауыл шаруашылығы өнімдерін импорттау туралы уағдаластықтар бар.
Ал Владимир Путиннің Қытайға сапары 19-20 мамырға жоспарланған. Осы сапар барысында екі ел арасында түрлі салаларды қамтитын шамамен 40 құжатқа қол қою күтілуде.
Материал авторы