ШҚО-да 90 млн теңгеден астам заңсыз мемлекеттік сатып алу анықталды
Прокуратура бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланғандарды әшкереледі.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шығыс Қазақстан облысында жалпы сомасы 90 миллион теңгеден асатын заңсыз мемлекеттік сатып алу деректері анықталды. Бұл туралы өңірлік прокуратура мәлімдеді.
Тексеру барысында жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік сатып алу заңнамасын сақтауына жүргізілген талдау нәтижесінде бірқатар бұзушылықтар әшкереленген.
Атап айтқанда, бес ауылдық округтің әкімдіктері 2026 жылға арналған сатып алу жоспарларына балалар мен спорт алаңдарын абаттандыру жобаларын енгізіп, оны «ағымдағы жөндеу жұмыстары» ретінде көрсеткен.
Алайда сметалық құжаттаманы зерделеу барысында іс жүзінде жаңа құрылыс көзделгені белгілі болды: бетон негізін қалау, жаңа жабындар орнату және толыққанды ойын кешендерін салу жоспарланған.
Заң талаптарына сәйкес мұндай жұмыстар міндетті түрде жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуді және мемлекеттік сараптамадан өтуді талап етеді. Алайда бұл талаптар орындалмаған.
Сонымен қатар, тағы бір заңбұзушылық фактісі тіркелді: жергілікті әкімдік мемлекеттік сатып алуларды заңда белгіленген шектен аспайтын шағын лоттарға бөліп, бәсекелестік рәсімдерден айналып өтуге тырысқан. Мұндай лоттардың жалпы сомасы 45,1 миллион теңгені құрады.
Прокуратураның қадағалау актілерінің нәтижесінде барлық күмән тудырған жобалар заңнама талаптарына сәйкестендірілгенге дейін мемлекеттік сатып алу жоспарларынан алынып тасталды.
Материал авторы