Павлодарда 4 мың теңгелік пакет үшін екі ер адамға 3,5 жыл жаза кесілді
Үкімге сәйкес, сотталушылар жәбірленушіге 1 миллион теңге моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Павлодар қаласында құны небәрі 4 мың теңге болатын азық-түлік салынған пакетке бола екі ер адамға 3,5 жылдан бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сот оларды алдын ала сөз байласу арқылы топ болып жасалған қарақшылық әрекет үшін кінәлі деп таныды.
Оқиға Гагарин көшесіндегі көпқабатты үйдің ауласында болған. Тергеу деректеріне сәйкес, 25 және 29 жастағы ер адамдар мас күйде жүрген кезде дүкеннен қайтып келе жатқан азаматты байқап, оның қолындағы пакетті тартып алуды жоспарлаған. Олар әуелі жанжалды әдейі ушықтырып, кейін жәбірленушіге қол жұмсаған. Бірі ер адамды соққыға жығып, оны жерге құлатса, екіншісі сол сәтті пайдаланып, пакетті иемденген.
Сот материалдарында пакет ішінде жалпы құны шамамен 4 мың теңгені құрайтын 20 дана жұмыртқа, 2 литрлік апельсин шырыны, күнбағыс дәні және тұздалған қияр болғаны көрсетілген.
Айыпталушылар өз кінәсін жартылай ғана мойындаған. Олардың бірі күш қолдануға қатыспағанын айтып, әрекетін қарапайым тонау ретінде саралауды сұраса, екіншісі тек жанжалға жауап ретінде әрекет еткенін алға тартып, пакетті алуға қатысы жоқ екенін мәлімдеген.
Алайда сот ұсынылған дәлелдемелерді жан-жақты қарап, қылмыс толық дәлелденді деген қорытындыға келді. Нәтижесінде әрқайсысына 3,5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сонымен қатар сот сотталушыларды жәбірленушіге 1 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеуге міндеттеді.
Материал авторы