«Ұлты басқа болса да, жаны қазақ»: Толқын Забирова күйеуі туралы алғаш рет ашық айтты
Толқын Забирова балаларын шетелде емес, қазақ жерінде дүниеге әкелу туралы қатаң ұстанымын сақтағанын жеткізді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, танымал әнші Толқын Забирова «Таңшолпан» бағдарламасына берген сұхбатында жолдасы туралы алғаш рет кеңінен әңгімелеп, оның қазақ өнеріне қосқан үлесін және қарапайым болмысын ашып айтты.
Өнер иесінің сөзінше, жұбайы ұзақ жылдар бойы қазақ мәдениеті мен сахна өнерінің дамуына үлес қосып келе жатса да, өзін көпшілікке танытуға немесе жарнамалауға құлық танытпайды.
«Менің жолдасым қазақ өнері үшін еңбек етіп жүр, бірақ өзін көрсеткісі келмейді. Табиғаты сондай. Қолынан іс келеді, алайда жария болуды қаламайды. Ұлты басқа болғанымен, жаны да, болмысы да қазақ», – деді әнші.
Толқын Забирова күйеуінің Жамбыл өңірінде дүниеге келгенін, бір жарым жасында ата-анасынан айырылып, балалар үйінде тәрбиеленгенін де атап өтті. Оның айтуынша, жұбайы өмір жолында өз күшімен жетіліп, ешкімге сүйенбей, еңбек арқылы биікке көтерілген.
Әнші оның қазақ өнерінің ірі тұлғалары Ермек Серкебаев, Роза Бағланова сынды өнер майталмандарымен бірге жұмыс істегенін де еске салды. Сонымен қатар жұбайының «Қазақконцерт» жүйесінде 35 жыл бойы гастрольдік және концерттік бағдарламаларды ұйымдастыруға атсалысып, көптеген өнерпаздың үлкен сахнаға шығуына жол ашқанын айтты.
«Қазақ шоу-бизнесінің негізін қалаған, оның іргесін қалаған адамдардың бірі – менің жолдасым», – деді ол.
Сондай-ақ әнші жұбайына қатысты айтылатын «қазақ емес» деген пікірлерге де жауап берді. Оның айтуынша, ең бастысы – адамның ұлты емес, елге, мәдениетке және өнерге деген адалдығы.
Толқын Забирова балаларын шетелде емес, Қазақстанда дүниеге әкелу туралы шешімін де бөлісті. Оның сөзінше, шетелде босану жөнінде ұсыныстар болғанымен, ол өз елінде қалуды жөн көрген.
«Мен үшін өз елім – ең қасиетті жер. Балаларым да қазақ жерінде дүниеге келді. Кейін қайда өмір сүретінін өздері шешеді», – деді әнші.
Материал авторы