637

Жел, бұршақ, шаңды дауыл: елдің басым бөлігінде ауа райы күрт құбылады

Кей өңірлерде үсік, кей аймақтарда аптап пен өрт қаупі сақталады.

Жел, бұршақ, шаңды дауыл: елдің басым бөлігінде ауа райы күрт құбылады
pexels / Anton Kudryashov

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазгидромет Қазақстанның бірқатар өңіріне дауылды ескерту жариялады. 20-22 мамыр аралығында ел аумағында қатты жел, найзағай, бұршақ, шаңды дауыл, нөсер жауын және үсік күтіледі.

Ең күрделі жағдай Жамбыл, Қызылорда, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында болжанып отыр. Кей өңірлерде желдің екпіні секундына 25-28 метрге дейін күшеюі мүмкін.

Жетісу, Алматы және Қарағанды облыстарында солтүстік-шығыс желі күшейіп, өрт қаупі жоғары деңгейде сақталады. Ал Ақтөбе мен Батыс Қазақстан облыстарында шаңды дауыл болжануда.

Қызылорда облысында қатты жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауыл күтіледі. Өңірдің бір бөлігінде төтенше өрт қаупі де сақталған.

Солтүстік, орталық және шығыс аймақтарда күн күрт салқындайды. Ақмола, Павлодар, Қостанай, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында 21-22 мамыр күндері түнгі үсік жүруі ықтимал. Кей жерлерде ауа температурасы 2-3 градусқа дейін төмендейді.

Солтүстік Қазақстан облысында қатты жаңбыр мен бұршақ болжанса, Маңғыстау облысында тұман мен найзағай күтіледі. Атырау облысында да жел күшейіп, найзағайлы жаңбыр жауады.

Сонымен қатар Түркістан облысының таулы және тау бөктеріндегі аудандарында нөсер жауын салдарынан өзендерде су деңгейі көтерілуі мүмкін. Мамандар су тасқыны қаупін жоққа шығармайды.

Синоптиктер тұрғындарды ауа райының күрт өзгеруіне байланысты алыс жолға шыққанда және далада қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырды.

Материал авторы