Көкшетауда көлік тротуарға шығып кетіп, баланы қағып кетті (ВИДЕО)
Баланың ата-анасы әйелге қатысты шағым түсіруден бас тартқан.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Көкшетауда әйел жүргізуші тротуарда келе жатқан баланы қағып кеткен жол апаты жұрт назарын аударды. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желілерде кең тарап, қызу талқыға түсті.
Кадрларда әйел адамның басқаруындағы көлік тротуарға шығып кетіп, анасының жанында келе жатқан баланы қағып өткені байқалады. Оқиға сәті бейнебақылау камерасына түсіп қалған.
Куәгерлердің сөзінше, жүргізуші газ бен тежегіш педальдарын шатастырып алуы мүмкін.
Ақмола облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы 19 мамыр күні болған. Оқиға орнына патрульдік полиция экипажы жедел жеткен.
«Оқиға кезінде бала анасымен бірге тротуарда болған. Жол апаты салдарынан кәмелетке толмаған қыз жеңіл жарақат алды. Медициналық тексеруден кейін үйіне жіберілді. Баланың ата-анасы жүргізушіге қатысты шағым түсіруден бас тартты», — деп хабарлады полиция.
Сонымен қатар, тәртіп сақшылары жол апаты фактісі бойынша қажетті материалдарды жинап, жүргізушіні қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартқанын мәлімдеді.
Материал авторы