585

Жаңбыр, қар, шаңды дауыл: Қазақстанға суық циклон кірді

Cиноптиктер елдің жартысына дауылды ескерту жасады.

Жаңбыр, қар, шаңды дауыл: Қазақстанға суық циклон кірді
Gleive Marcio Rodrigues de Souza / Pexels

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, «Қазгидромет» 20-22 мамырға арналған бірден бірнеше дауылды ескерту жариялап, елдің басым бөлігінде ауа райы күрт құбылатынын мәлімдеді. Синоптиктердің болжамынша, алдағы күндері найзағай, бұршақ, қатты жел, шаңды дауыл және үсік қатар жүреді.

Ескертуге сәйкес, 21 мамырда Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Қарағанды, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында жаңбыр аралас дауыл соғып, кей жерлерде бұршақ жауады. Желдің екпіні секундына 23-28 метрге дейін жетуі мүмкін.

Астанада да ауа райы күрт бұзылады. Синоптиктер елордада найзағай, бұршақ және қатты жел болатынын ескертті. Желдің жылдамдығы 15-20 м/с дейін күшейеді.

Сонымен қатар, солтүстік және шығыс өңірлерде күн суытып, түнгі уақытта үсік жүреді. Қостанай, Ақмола, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында 22 мамырға қараған түні 2-3 градусқа дейін үсік күтіледі. Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында жаңбырдың соңы қарға ұласуы ықтимал.

Батыс пен оңтүстік аймақтарда керісінше аптап ыстық сақталады. Атырау облысында күндіз ауа температурасы 35 градусқа дейін көтеріліп, шаңды дауыл тұруы мүмкін. Ақтөбе, Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстарында да қатты жел мен шаңды дауыл болжанып отыр.

Жетісу, Алматы және Жамбыл облыстарының таулы аудандарында найзағайлы жаңбыр күтіледі. Кей өңірлерде желдің екпіні 25-28 м/с дейін жетеді.

Ал Түркістан облысының таулы және тау бөктеріндегі аудандарында бірнеше күнге созылатын нөсер салдарынан өзендерде су деңгейі көтерілуі ықтимал. Мамандар су тасқыны қаупі барын ескертті.

Бұған қоса, көптеген өңірде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталып отыр. Әсіресе Атырау, Қызылорда, Ұлытау, Жетісу, Алматы және Абай облыстарында жағдай күрделі.

Материал авторы