851

Танымал блогер Сәуле Базарханның өлімінен кейін жекеменшік клиника жайлы дау туды

Марқұмның қызы анасының операция кезінде қайтыс болғанын ресми түрде мәлімдеді.

Танымал блогер Сәуле Базарханның өлімінен кейін жекеменшік клиника жайлы дау туды
instagram.com/saule_bazarkhan

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, әлеуметтік желілерде блогер әрі кәсіпкер Сәуле Ермаханованың өлімінен кейін Алматыдағы Smart Beauty Clinic төңірегіндегі дау күшейе түсті. Эстетикалық операция кезінде көз жұмған әйелдің қазасы қоғамда үлкен резонанс тудырып, қолданушылар клиникаға қатысты бұрынғы оқиғаларды қайта көтере бастады.

Threads желісінде пікір жазғандардың бірі бұл аталған мекемеге байланысты алғашқы қайғылы жағдай емес екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, бес жыл бұрын көпбалалы ана Жәмилә Жылқайдарова липосакция мен липофилингтен кейін қайтыс болған. Сол оқиғадан соң клиника жабылып, кейін басқа атаумен жұмысын жалғастырған деген пікір айтылды.

Пікірталас барысында желі қолданушылары Сәуле Ермаханованың денсаулығына қатысты да мәліметтер келтірді. Кейбірі оның варикоз ауруымен ауырғанын жазған. Алайда бұл дерт операция кезіндегі асқынуларға әсер етті ме, жоқ па — ресми түрде нақтыланбаған.

Трагедиядан кейін әлеуметтік желіде ұқсас оқиғалар туралы әңгімелер қарша борады. Пайдаланушылардың бірі былтыр артық салмақтан арылу үшін Астанаға барған танысының операциядан кейін инфекция жұқтырып, көз жұмғанын айтты. Оның сөзінше, марқұмның табысты бизнесі, отбасы, балалары болған.

Тағы бір қолданушы Шымкенттегі жеке клиникада абдоминопластикадан кейін бір жылдың ішінде екі әйелдің қайтыс болғанын еске салды. Оның бірі жас келіншек болса, екіншісі танымал ақын болғаны айтылды. Пікір иесінің мәліметінше, әйелдер алтын түстес стафилококк инфекциясынан көз жұмған болуы мүмкін.

Бұған дейін блогер Сәуле Базарханның қайтыс болғаны белгілі болған еді. Ақпаратты продюсер Гүлзира Айдарбекова растағанымен, оқиғаның мән-жайын ашып айтпады. Кейін марқұмның қызы анасының 15 мамыр күні Алматыдағы жекеменшік клиникада липосакция операциясы кезінде көз жұмғанын хабарлады. Оның айтуынша, операция жергілікті анестезиямен жасалған.

Журналист Михаил Козачков Сәуле Базарханның дәл Smart Beauty Clinic ішінде қайтыс болғанын мәлімдеді. Сондай-ақ ол қайғылы жағдайдан кейін де клиниканың пациенттерді қабылдауын тоқтатпағанын айтты.

  1.  

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор