1019

«Жалғыз қызым еді»: Ақтаудағы әуе апатында қаза тапқан қыздың қабірінен заттар ұрланған

Марқұмдардың туыстары қабір басынан гүлдер мен сәндік заттардың жоғалып жатқанын айтып шағымдануда.

«Жалғыз қызым еді»: Ақтаудағы әуе апатында қаза тапқан қыздың қабірінен заттар ұрланған
Almaty.tv

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қостанай облысының Тобыл қаласындағы мұсылман зиратында ұрлық пен вандализм деректері көбейген. Марқұмдардың туыстары қабір басынан гүлдер, көшеттер, сәндік бұталар мен гранит орындықтарға дейін жоғалып жатқанын айтып дабыл қақты. Бұл туралы Almaty.tv арнасы жеткізді.

Жапа шеккендердің арасында Ақтау маңындағы әуе апатында қаза тапқан Сәлима Жұтаеваның отбасы да бар. Марқұмның жақындары зираттағы ұрлық бірнеше рет қайталанғанын айтады.

Сәлима Жұтаеваның анасы Ұлтуған Жұтаева қызының қабіріне күн сайын дерлік барып тұратынын, алайда әр барған сайын жаңа бүлінген заттарды көретінін жеткізді.

«Биыл көшеттерді ұрлап кетті, былтыр мәрмәр мен граниттен жасалған орындық жоғалды. Бір күні орындыққа отырсақ, шайқалып тұр екен. Астындағы темірлері жарқырап ашылып қалған. Адамдар мұндайға қалай барады? Біз әлі күнге дейін қызымыздың қазасынан арыла алмай жүрміз. Жалғыз қызым еді. Бар болғаны 29 жаста болатын, өмірі енді басталған еді», – дейді ол.

Туыстарының айтуынша, алғашқы ұрлықтардан кейін олар қабірдің айналасына құлып салынған қоршау орнатқан. Бірақ бұл да ұрыларды тоқтатпаған. Кейін көшеттер тіпті қоршаудың сыртынан да жоғала бастаған.

Тобыл тұрғындары мұндай жағдай жалғыз бұл отбасының басында емес екенін айтады. Басқа зираттардан да шыршалар, вазалар мен сәндік өсімдіктер қолды болған. Жергілікті халық зират аумағында күзет те, бейнебақылау да жоқ екеніне наразы.

Қала тұрғыны Айгүл Шарипованың сөзінше, анасы көзі тірісінде өз ескерткішін өзі таңдаған.

«Мұнда күзет жоқ, камера жоқ, тіпті қалыпты қоршау да жоқ. Анам ұзақ ауырды, өзінің кететінін білді. Сондықтан ескерткішті де өзі таңдаған еді. Қасында міндетті түрде шырша тұрсын деген. Қысы-жазы жасыл болып тұратын ағашты жақсы көретін», – деді ол.

Қостанай облыстық полиция департаменті қабір басындағы шыршаның жоғалуына байланысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.

Ведомство мәліметінше, қазір құқық бұзушылыққа қатысы бар адамдарды анықтау және ұстау үшін жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.

Сәлима Жұтаеваның анасы да полицияға ресми арыз түсірген. Ол кінәлілер жазаланып, зират аумағында күзет пен қоршау орнатылады деп үміттенеді.

Материал авторы