478

Астанада ит еті сатылып жатыр ма: Ведомство мәлімдеме жасады

Белсенділер елде ит етін астыртын өткізу схемалары болғанын алға тартқан еді.

Астанада ит еті сатылып жатыр ма: Ведомство мәлімдеме жасады
REUTERS

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанадағы қоғамдық тамақтану орындарында ит еті сатылып жатқаны туралы әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа «Астана Ветсервис» түсініктеме берді.

Ведомство мәліметінше, сөз болып отырған жағдай — 2023 жылы Ақмола облысында тіркелген жануар тектес өнімдердің заңсыз айналымына қатысты ескі қылмыстық іс. Қазіргі уақытта елордадағы кафе мен мейрамханаларда мұндай өнімнің сатылғаны немесе жеткізілгені жөнінде расталған дерек жоқ.

Ол кезде құқық қорғау органдары жануар тектес өнімдердің заңсыз айналымына байланысты тергеу жүргізген. Іс сотқа жетіп, кінәлі тұлға Қазақстан заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылған.

«Аталған дерек бойынша құқық қорғау органдары заң аясында тергеу жүргізді. Іс материалдары сотта қаралып, кінәлі адам қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапқа тартылды», — делінген хабарламада.

«Астана Ветсервис» қазіргі таңда елордадағы қоғамдық тамақтану орындарында ит еті немесе өзге де заңсыз ет өнімдерінің айналымы тіркелмегенін атап өтті.

Ведомствоның мәліметінше, Астанада жануар тектес өнімдер тұрақты ветеринарлық-санитарлық бақылаудан өтеді. Оның ішінде өнімнің ілеспе құжаттары, жеткізушілер және азық-түлік қауіпсіздігі талаптарының сақталуы тексеріледі.

«Қазір елордадағы қоғамдық тамақтану орындарының қызметіне қатысты заңсыз ет айналымы немесе азық-түлік қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы анықталған жоқ», — деп мәлімдеді мекеме.

Айта кетейік, ит етінің сатылуы туралы тақырып жуырда Тимур Балымбетовтің Тимур Балымбетов «ЧестноГоворя» подкасында қайта көтерілді. Эко-белсенділер мен жануар қорғаушылар екі жыл бұрын сот Астанадағы мейрамханаларда ит еті кәдімгі фарш ретінде сатылғанын растағанын айтты.

Спикерлердің сөзінше, Қазақстанда ұзақ уақыт бойы қоғамдық тамақтану орындарына арналған ит етін дайындайтын жасырын бизнес болған. Сондай-ақ олар Оралда қаңғыбас жануарларды аулау тендерін ет комбинаты ұтып алғанын да мәлімдеді.

Материал авторы