«Бәрі үнсіз тұрды»: Сәуле Базархан қайтыс болған клиникадан кадрлар тарады (ВИДЕО)
Марқұмның жақындары клиникада бірнеше сағат бойы нақты ақпарат ала алмаған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, әлеуметтік желілерде блогер әрі кәсіпкер Сәуле Базархан қайтыс болған күні клиника ішінде түсірілген кадрлар тарады. Видеолар мен куәгерлердің сөздері қоғамдағы күдікті одан әрі күшейтті.
Алматы тұрғыны Шолпан Жәкенова өзін Сәуленің жақын құрбысының қызы екенін айтып, оқиға болған күні анасымен бірге клиникаға алғашқылардың бірі болып жеткенін мәлімдеді.
Оның сөзінше, 15 мамыр күні кешке клиникаға келген кезде жағдай түсініксіз болған. Марқұмның жақындарына кешкі сағат 20:00-ге дейін оның қайтыс болғаны туралы ешкім хабар бермеген.
«Біз барғанда полиция да, жедел жәрдем де болмады. Дәрігерлер ештеңе түсіндірмеді. Сәуленің қайда екенін, не болғанын, қашан қайтыс болғанын айтпады. Бәрі үнсіз тұрды», — дейді ол.
Жарияланған кадрларда бірнеше әйел дірілдеген дауыспен телефон арқылы көмек шақырып жатқаны көрінеді. Ал клиника қызметкерлері сол маңда тұрғаны байқалады.
Шолпан Жәкенова мен марқұмның жақындары кінәлілер жауапкершіліктен құтылып кете ме деп алаңдайтынын айтты.
Еске салсақ, қазақстандық блогер әрі кәсіпкер Сәуле Базархан пластикалық хирургия клиникасында көз жұмды. Продюсер Гүлзира Айдарбекова әйелдің жағдайы операция басталмай тұрып нашарлағанын айтқан болатын. Ал туыстарының мәліметінше, клиника қызметкерлері оның қайтыс болғанын тек кешке қарай хабарлаған.
Осы оқиғадан кейін әлеуметтік желіде аталған клиникаға қатысты өзге де өлім жағдайлары болғаны жөнінде пікірлер тарай бастады.
Сонымен қатар танымал адвокат Анна Чернова Қазақстанда мұндай істер бойынша жауапкершіліктің жеңілдетілгенін айтып, кінәлілер нақты жаза алмауы мүмкін екенін болжады. Оның пікірінше, кәсіби біліксіздік пен күмәнді клиникалардың мәселесі елде барған сайын ушығып барады.
Материал авторы