«Әкем жетіспеді»: Тәуекел Мүсілім жан сырын ақтарды
Актер әкесінің қолдауы жетіспей өскенін алғаш рет ашық мойындады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, актер Тәуекел Мүсілім YouTube-тағы «Замандас» подкастында әкесімен қарым-қатынасы, балалық шағындағы сағыныш және өз ұлдарына қандай әке болуға тырысатыны туралы ашық әңгіме айтты.
Подкаст жүргізушілері актерден балалық шағында әке тәрбиесін көрмеген адамның әке болуы қиын емес пе деп сұраған.
Тәуекелдің айтуынша, бұл жағдай керісінше оған әкенің бала өміріндегі орнын терең түсінуге көмектескен.
«Әкем 2010 жылы қайтыс болды. Мен онымен ешқашан ашық сөйлесіп үлгермедім. Егер қазір тірі болғанда, арнайы барып сөйлесер едім. Оның кім болғанын, неге сондай адам болғанын, не үшін бізден алыстағанын сұрар едім. Ана позициясы бір бөлек, әке позициясы мүлде басқа», — деді актер.
Ол әкесінің өзіне суық болғанын түсінбей өскенін де жасырмады.
«Кез келген бала сияқты маған да әкемнің қолдауы жетіспеді. Бұл өте ауыр тақырып. Мүмкін, осыны сезінуім үшін сондай тағдыр болған шығар. Өйткені қазір әкенің балаға қаншалықты маңызды екенін анық түсінемін», — деді Тәуекел Мүсілім.
Актер әкесіз өсіп жатқан балаларды көрген сайын бұл мәселенің қаншалықты ауыр екенін ойлайтынын айтты. Оның сөзінше, кейбір әкелер отбасыдан кетудің балаға қалай әсер ететінін толық түсінбейді.
Бүгінде Тәуекел үш ұл тәрбиелеп отыр. Ол балаларын өміріндегі бос орынды толтыру үшін берілген үлкен сый деп қабылдайтынын жеткізді.
Айта кетейік, бұған дейін актер анасының оның отбасылық өміріне ықпалы туралы да күтпеген мәлімдеме жасаған еді.
Материал авторы