1456

«Ит етін сиыр етінен ажырату қиын»: Астана дәмханалары мәлімдеме жасады

Әлеуметтік желідегі қызу талқылаудан кейін елордалық дәмхана иелері өнім сапасына қатысты ашық мәлімдеме жасауға мәжбүр болды.

«Ит етін сиыр етінен ажырату қиын»: Астана дәмханалары мәлімдеме жасады
Размик Закарян / URA.RU

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада қоғамдық тамақтану орындарында «ит еті сатылып жатыр» деген қауесет әлеуметтік желіде қызу талқыланғаннан кейін, дәмхана мен фастфуд желілерінің иелері ресми пікір білдіре бастады.

Елордадағы «Shaurma Food/SF» желісінің негізін қалаушы Дмитрий Инютин компания он жылдан астам уақыт бойы бірдей сапа стандартын ұстанып келе жатқанын айтты. Оның сөзінше, мекеме тек сертификатталған өнімдерді пайдаланады.

Кәсіпкер бұл тақырыптан қашпайтынын айтып, ең басты көрсеткіш — сол тағамды өздері, достары мен балалары да тұтынатынын ерекше атап өтті.

Сонымен бірге ол дайын өнім құрамындағы етті ажырату шынында өте қиын екенін мойындады. Әсіресе фарш немесе қатты маринадталған өнімдерде ит етін сиыр етінен айыру қарапайым адам үшін оңай емес екенін айтты.

Инютиннің пікірінше, тұтынушылар ең алдымен мекеменің беделіне, өнім қабылдау жүйесінің ашықтығына және еттің қайдан алынатынына назар аударуы керек.

Дауға мексикалық ас ұсынатын Hola-Hola желісінің өкілдері де араласты. Олар мекемеде тұтас ет пайдаланылатынын айтып, тұрғындарды күмән тудыратын тым арзан тағамнан сақ болуға шақырды.

Осыған дейін «Астана Ветсервис» тараған ақпараттың 2023 жылы Ақмола облысында қозғалған ескі қылмыстық іске байланысты екенін мәлімдеген болатын. Сол кезде жануар тектес өнімдердің заңсыз айналымына қатысты тергеу жүргізіліп, кінәлі адам жауапкершілікке тартылған.

Ведомствоның мәліметінше, қазіргі уақытта Астанада қоғамдық тамақтану орындарында мұндай өнімнің сатылғаны немесе жеткізілгені ресми түрде расталмаған. Қазір елордада ет өнімдері, жеткізушілер және қоғамдық тамақтану нысандары тұрақты ветеринарлық-санитарлық бақылаудан өткізіліп жатыр.

Материал авторы