1056

«Шелек қойған»: Астанадағы LRT станциясының төбесінен су ақты

Ашылғанына бір апта өтпеген LRT төбесінен су тамшылап тұр.

«Шелек қойған»: Астанадағы LRT станциясының төбесінен су ақты
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, әлеуметтік желіде Астанадағы LRT станцияларының бірінде төбеден су тамшылап тұрған видео тарады. Кадрда қызметкерлер суды шелекпен жинап жүргені көрінеді. Бұл жайт жаңа іске қосылып жатқан жобаға қатысты кезекті сын толқынын туғызды.

Threads желісіндегі жарияланымда «жаңа станцияда төбе бір апта өтпей жатып су өткізе бастады» деген жазба қалдырылған. Видеода станция ішіндегі төбеден су ағып тұрғаны анық байқалады.

Оқиғаға байланысты «City Transportation Systems» ЖШС түсініктеме берді. Компания мәліметінше, қазіргі уақытта кейбір станцияларда өртке қарсы жүйелерді іске қосу және реттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның ішінде шатырда орналасқан түтін шығару люктерін тексеру мен баптау да бар.

CTS өкілдерінің айтуынша, техникалық жұмыстар кезінде кейбір люктер қолмен ашылған. Соның салдарынан бөлшектер толық жабылмай, уақытша герметикалық ақау пайда болған. Қазір мамандар герметизацияны қалпына келтіріп, жүйені қайта баптау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Компания бұл жағдай уақытша техникалық мәселе екенін атап өтті.

Материал авторы