«Мына қыз аузын жауып тыныш отырсыншы! »: Жазушы Гауһар Әлімбекованың Саят Медеуовке жасағанын әшкереледі
Пойыз терезесіне жазылған сөз әншінің ашуына тиіп, сапар жанжалмен аяқталған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, жазушы Сәкен Сыбанбай әнші Саят Медеуов пен Гауһар Әлімбекова қатысқан ескі оқиғаны айтып, әлеуметтік желіде қызу талқы тудырды. Оның сөзінше, 2001 жылы пойызбен сапар кезінде Саят Медеуов психологиялық қысымға шыдамай, жол ортасында түсіп кеткен.
Жазушының айтуынша, сол кезеңде Саят Медеуов сот ісімен әуре болып жүрген. Соған қарамастан, ол «Жас Алаш» газетінің 80 жылдық мерейтойына қатысу үшін Атырау мен Оралға бірге барған.
Сапардан қайтар жолда әншінің көңіл-күйі онсыз да ауыр болған. Сәкен Сыбанбай досының ойын басқа арнаға бұрып, әңгімемен сергітуге тырысқанын айтады. Алайда оның сөзінше, Гауһар Әлімбекова қайта-қайта сот мәселесін қозғап, әншінің мазасын алған.
Жазушы бұл жағдайдың бірнеше мәрте қайталанғанын жеткізді. Әңгіме қызып, Саят бір сәт уайымын ұмыта бастағанда, Гауһар тағы да сот тақырыбын қозғап отырған көрінеді.
«1-майдың он жетісі» дегендей, Гауһар он жетісінші рет тиіскен соң ба, әйтеуір Саят байғұстың да ғажап төзімі таусылды.
– Сәкен, жүйкем жұқарып бітті әбден, мына қыз аузын жауып тыныш отырсыншы! – деді. Гауһарға «айналайын, енді сот туралы ештеңе айтпашы» деп, әрең келістірдім. Жарасымды гәп жалғасып жатыр. Саят екеуіміздің. Гауһар жым-жырт, - деп жазды жазушы.
Сәкен Сыбанбайдың естелігіндегі ең тосын сәттің бірі — пойыз терезесіне жазылған сөз. Оның айтуынша, бір кезде Саят Медеуов буланған терезеден «САЯТ плюс ӘЙЕЛІ – тең СОТ» деген жазуды байқап қалған. Мұны Гауһар Әлімбекова саусағымен жазып қойған.
Осыдан кейін әншінің шыдамы таусылып, «Құдай үшін құтқаршы мына қыздан!» деп ашуға булыққанын жазады автор. Ақыры Саят Медеуов Алматыға дейін жетпей, Отар станциясынан пойыздан түсіп кеткен.
Бұл жазба әлеуметтік желіде қызу пікірталас туғызды. Бірі жазушының естелігін әзіл ретінде қабылдаса, енді бірі мұны адамның психологиялық күйіне әсер ететін орынсыз әрекет деп бағалаған.
Материал авторы