Еуропадағы қазақтар Парижде бас қосты
Парижде қандастар мен отандастардың ауқымды кездесуі өтіп жатыр.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Парижде Еуропа елдерінде тұратын қазақтар мен қандастардың кездесуі ресми түрде басталды. Іс-шара Франциядағы Қазақстан елшілігінде өтті.
Кездесуді Қазақстанның Франциядағы елшілігі, «Отандастар қоры» КеАҚ және Қазақ-француз-түрік қауымдастығы Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырған.
Салтанатты жиында Қазақстанның Франциядағы елшісі Гүлсара Арыстанқұлова Париждегі басқосу шетелдегі қазақтардың рухани тұтастығын күшейтетін маңызды алаңға айналғанын айтты.
Оның сөзінше, қазақ халқының тарихи тамыры Алтын Орда мұрасымен тығыз байланысты. Сонымен қатар Қазақстан бүгінде Еуропа мен Азияны жалғайтын сенімді көпір ретіндегі рөлін күшейтіп келеді. Елші ана тілі, ұлттық рух пен тарихи жады әлемнің әр түкпіріндегі қазақтарды біріктіретін басты құндылықтар екенін ерекше атап өтті.
Мәдени бағдарлама аясында Қызылорда облыстық филармониясының өнерпаздары концерт қойып, өңірдің дәстүрлі қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылды.
Үш күнге созылатын кездесудің аясында Гарж-ле-Гонесс қаласында Еуропадағы қазақ жастары арасында футбол турнирі өтеді. Бұдан бөлек, ұлттық мәдениетке арналған арнайы іс-шаралар жоспарланған.
Басқосуға Ұлыбритания, Германия, Нидерланд, Финляндия, Испания, Норвегия, Швейцария, Франция, Чехия, Италия, Португалия, Польша, Швеция, Дания, Бельгия, Венгрия, Түркия және Моңғолиядан келген қазақтар мен қандастар қатысты.
Материал авторы