Ақтауда пластикалық операциядан кейін көз жұмған депутат ісіне қатысты клиника мәлімдеме жасады
Липосакция кезінде жағдайы күрт нашарлаған депутат бір ай комада жатып, кейін көз жұмған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтауда депутат Ербол Айтуовтың пластикалық операциядан кейін қайтыс болуына байланысты қоғамда қызу талқылау басталғаннан соң «Қасиет» медициналық орталығы алғаш рет ресми мәлімдеме жасады.
Клиника өкілдері интернетте таралып жатқан ақпараттың арасында шындыққа сәйкес келмейтін әрі бір-біріне қайшы мәліметтер бар екенін айтты.
Медициналық орталық әлеуметтік желілерде аты аталған дәрігерге қатысты да түсініктеме берді.
«Жарияланымдарда айып тағылып отырған дәрігер аталған операцияны жасаған жоқ», – деп мәлімдеді клиника Instagram парақшасында.
Сондай-ақ орталық лицензиясыз жұмыс істеп жатыр деген ақпаратты да жоққа шығарды. Клиника мәліметінше, мекеме 2015 жылдан бері ресми лицензиямен жұмыс істейді. Құжат анестезиология және реаниматология қызметтерін де қамтиды.
Қоғамдық резонанс күшейген тұста медициналық орталық тексерілмеген ақпарат таратқандар жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін ескертті.
«Қажет болған жағдайда барлық дерек құжат жүзінде дәлелденеді», – деді клиника өкілдері.
Бұл оқиға 49 жастағы Ербол Айтуовтың қазасынан кейін қоғам назарын аударды. Алдын ала мәлімет бойынша, депутат клиникаға иек тұсына липосакция жасату үшін жүгінген.
Наркоз енгізу кезінде оның жағдайы күрт нашарлаған. Бұған дейін қан қысымы мен қандағы қант деңгейі көтерілгені хабарланған болатын. Кейін науқасқа ишемиялық инсульт диагнозы қойылып, ол комаға түскен. Бір айдан соң ер адам көз жұмды.
Оқиғадан кейін жүргізілген жоспардан тыс тексеру барысында клиникадан бірқатар заңбұзушылық анықталып, материалдар полицияға жолданған. Қазір қылмыстық іс бойынша тергеу жүріп жатыр.
Бұған дейін қазақстандық блогер Сәуле Ермаханованың қызы анасының да жеке клиникада липосакциядан кейін қайтыс болғанын мәлімдеген еді.
Материал авторы