1192

Түркістандық оқушы Әзербайжан туына құрмет көрсеткені үшін марапатталды

Жердегі туды көтерген мектеп оқушысы полициядан алғыс алды.

Түркістандық оқушы Әзербайжан туына құрмет көрсеткені үшін марапатталды
polisia.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Түркістанда әлеуметтік желіде кең тараған видеоның кейіпкері болған мектеп оқушысы ресми түрде марапатталды. 11-сынып оқушысы Нұрсұлтан Базарбайұлы Түркістан облыстық полиция департаменті басшылығымен кездесті.

Оқиғаға себеп болған бейнежазбада жасөспірім жерге түскен Әзербайжан Республикасының мемлекеттік туын көтеріп, оған құрмет көрсеткен. Бұл кадрлар әлеуметтік желілерде жылдам таралып, Қазақстанда да, шетелде де кең қоғамдық пікір туғызған.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мәліметінше, оқушының әрекеті жоғары бағаланды. Облыстық полиция департаментінің басшысы оның азаматтық ұстанымын, мемлекеттік рәміздерге деген құрметін және тәртібін ерекше атап өтті. Мұндай әрекеттер жастарға үлгі болатыны айтылды.

Кездесу барысында оқушыға рухани құндылықтарға арналған кітап табысталып, оқу мен болашақ кәсіби жолына сәттілік тіленді.

Полиция өкілі бұл әрекетті «жас буынның мәдениеті мен құрметінің айқын көрінісі» деп бағалады.

Өз кезегінде оқушы көрсетілген құрмет үшін алғыс айтып, бұл кездесу оның өміріндегі маңызды сәттердің бірі болғанын жеткізді. Ресми мәліметке сәйкес, оның әрекеті Әзербайжанда да оң пікір тудырып, халықтар арасындағы достық пен өзара сыйластықтың белгісі ретінде бағаланған.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор