25 мамырда Қазақстан өңірлерінде ауа райы күрт құбылады
Синоптиктер найзағай, шаңды дауыл мен үсік туралы ескертті.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 25 мамырда Қазақстанның басым бөлігінде ауа райына байланысты дауылды ескерту жарияланды. Синоптиктер бірнеше өңірде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталатынын мәлімдеді.
Қазгидромет дерегінше, Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда, Алматы және Жетісу облыстарында жоғары өрт қаупі күшейеді. Кейбір аймақтарда төтенше өрт қаупі жарияланған.
Атырау облысының орталығы мен солтүстік-шығысында, сондай-ақ Атырау қаласының өзінде төтенше өрт қаупі күтіледі. Ұқсас жағдай Ұлытау, Қызылорда, Маңғыстау және Жетісу облыстарының бірқатар аумағында да сақталады.
Сонымен қатар елдің бірнеше өңірінде найзағай, қатты жел және жауын-шашын болжанып отыр. Астанада күндіз өткінші жаңбыр мен найзағай күтіледі. Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл, Түркістан және Қостанай облыстарында да жаңбыр жауып, желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетуі мүмкін.
Қызылорда облысының орталығында шаңды дауыл тұрып, шығыстан және солтүстік-шығыстан соғатын жел күшейеді.
Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарында түнде жаңбыр аралас қар жауып, тұман түседі. Бұл өңірлерде, сондай-ақ Павлодар облысында 1-2 градус үсік жүруі ықтимал.
Синоптиктер тұрғындарды сақ болуға, табиғат аясында от жақпауға және қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырды.
Материал авторы