1818

Ресейде тұшпара үшін ер адамды өлтірген ерлі-зайыпты ұсталды

Тұшпара мен котлет үшін болған жанжал кісі өліміне ұласты.

Ресейде тұшпара үшін ер адамды өлтірген ерлі-зайыпты ұсталды
ИЗВЕСТИЯ/Андрей Эрштрем

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ресейдің Смоленск облысында тұратын ерлі-зайыпты танысын өлтірді деген күдікпен ұсталды. Тергеу мәліметінше, қылмыс азық-түлік ұрлығынан кейін болған.

Оқиға Сафоново қаласында тіркелген. Қылмыстық іс 37 жастағы әйел мен оның 42 жастағы күйеуіне қатысты қозғалған. Оларға алдын ала сөз байласу арқылы адам өлтірді деген айып тағылып отыр.

Тергеу нұсқасына сәйкес, 19 мамырға қараған түні ерлі-зайыпты 40 жастағы танысының үйінде бірге ішімдік ішкен. Кейін олар пәтерден шығып кеткенімен, арада біраз уақыт өткен соң қайта оралған.

Күдіктілер есіктің ашық тұрғанын байқап, пәтерге қайта кірген. Тергеушілердің мәліметінше, олар тоңазытқыштан екі пакет котлет, тұшпара және тауық етін алып кеткен.

Осы сәтте пәтер иесі асүйге кіріп келген. Соның салдарынан жанжал туындап, арты қанды қылмысқа ұласқан.

Тергеу дерегіне сәйкес, әйел алғаш болып пышақты қолына алған. Алайда кейін қаруды күйеуі тартып алып, жәбірленушінің мойнына кемінде екі рет соққы жасаған. Бұдан кейін әйел ағаш оқтаумен ер адамның басы мен бет тұсынан бірнеше мәрте ұрған.

Ауыр жарақат алған ер адам оқиға орнында көз жұмған. Күдіктілер азық-түлікті алып, оқиға орнынан қашып кеткен.

Қазір ерлі-зайыпты қамауға алынған. Ресей Федерациясының Тергеу комитеті қылмыстың барлық мән-жайын анықтау жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор