689

Астанада ерекше қажеттілігі бар оқушыны сабақтан кейін соққыға жыққан

Баланы қатарластары тұншықтырып, видеоға түсірген.

Астанада ерекше қажеттілігі бар оқушыны сабақтан кейін соққыға жыққан
instagram.com/aigul_taibekova2207

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада ерекше дамуы бар мектеп оқушысына жасалған шабуыл қоғам назарын аударды. Жасөспірімнің анасы баласының сабақтан кейін қатарластары тарапынан соққыға жығылғанын мәлімдеді.

Әйелдің айтуынша, оқиға сабақ аяқталғаннан кейін болған. Сыныптан шыққан оқушыны бірнеше жасөспірім күтіп тұрған. Анасының сөзінше, олардың бірі баланың арт жағынан келіп, тұншықтырып, ұра бастаған.

Сонымен қатар оқиға орнында тұрған басқа балалардың кейбірі жағдайды телефонға түсіріп тұрғаны айтылды. Анасы олардың өзге оқушылардың араласуына мүмкіндік бермегенін де жеткізді.

Жәбірленуші баланың психикалық және сөйлеу дамуында ерекшеліктер бар. Анасының айтуынша, ұлы өзіне не себепті мұндай әрекет жасалғанын толық түсінбеген.

Әйел жанжалға «Сен кімсің?» деген сұраққа берілген жауап себеп болғанын айтты. Ол бұл жағдайды қарапайым балалар арасындағы төбелес деуге болмайтынын жеткізді.

«Буллинг тек ұратын адам емес. Үндемей қарап тұрған, айдап салған, видеоға түсірген адамдар да соған жауапты», — деді ол.

Сондай-ақ анасы ата-аналарды балаларымен көбірек сөйлесуге шақырып, күш көрсету мен қорлауды қалыпты әрекет ретінде қабылдамауға үндеді.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта баласының жағдайы жақсы, ал оқиғадан бері біраз уақыт өткен.

Есіл аудандық полиция басқармасы бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді. Полиция мәліметінше, кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу міндетін тиісінше орындамағаны үшін заңды өкіл әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Сонымен қатар мектеп әкімшілігі мен ата-аналардың қатысуымен құқықбұзушылықтың алдын алу кеңесі өткізілген. Жиында осындай жағдайлардың қайталануына жол бермеу және оқушылардың тәртібін бақылауды күшейту мәселелері қаралған.

Материал авторы