595

Қостанайда бассейнге батып кеткен 4 жастағы бала бір өліп, қайта тірілді

Дәрігерлер келген кезде баланың тынысы мен жүрек соғысы тоқтап қалған.

Қостанайда бассейнге батып кеткен 4 жастағы бала бір өліп, қайта тірілді
instagram.com/ng.kz_

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қостанайда жедел жәрдем дәрігерлері бассейнге батып кеткен 4 жастағы баланы аман алып қалды. Дәрігерлердің жедел әрекетінің арқасында қайғылы жағдайдың алдын алу мүмкін болды.

Оқиғаның хронологиясын Қостанай облысының денсаулық сақтау басқармасы жариялады.

24 мамыр күні сағат 16:17-де «103» пультіне 2021 жылы туған баланың суға кеткені туралы шұғыл хабарлама түскен.

Арада төрт минут өткенде алғашқы жедел жәрдем бригадасы оқиға орнына жеткен. Жағдайдың аса ауыр екенін түсінген диспетчер қосымша екінші бригаданы да жіберу туралы шешім қабылдаған.

Дәрігерлер жеткен кезде бала клиникалық өлім жағдайында болған. Оның тынысы мен жүрек соғысы байқалмаған.

Медициналық қызметкерлер бірден реанимациялық шараларды бастап кеткен. Үйлесімді әрі кәсіби әрекеттің нәтижесінде бүлдіршіннің жүрек жұмысы толық қалпына келтірілген.

Кейін бала интубация жасалып, өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Одан кейін шұғыл түрде облыстық балалар ауруханасына жеткізілген.

Қазір бала жансақтау бөлімінде дәрігерлердің тұрақты бақылауында жатыр.

Дәрігерлер ата-аналарға балаларды бассейндер мен су айдындарының жанында бір сәтке де қараусыз қалдырмауға шақырды.

Материал авторы