557

Енді халыққа онлайн несие алу қиындайды

Банктер несиені бермес бұрын қатаң тексеру жүргізуге міндетті болмақ.

Енді халыққа онлайн несие алу қиындайды
Natee Meepian's Images

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда онлайн-кредит беру тәртібі күшейтіліп, банктерге жаңа қауіпсіздік талаптары енгізілді. Бұл өзгерістер қаржы нарығындағы алаяқтық схемаларын азайтуға бағытталған.

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жаңа талаптарды бекітті. Енді банктер онлайн несие рәсімдеу кезінде клиенттің шешімін қосымша тексеруге міндеттеледі.

Жаңа ережелерге сәйкес, онлайн-кредит биометриялық тексерусіз берілмейді. Несие рәсімдеу барысында өтінім клиенттің телефон нөмірімен байланыстырылып, бір реттік код SMS немесе push-хабарлама арқылы расталады. Сонымен қатар биометриялық сәйкестендіру жүргізіледі.

150 АЕК-тен (шамамен 649 мың теңге) асатын қамтамасыз етілмеген тұтынушылық несиелер бойынша биометрия Ұлттық банктің деректер алмасу орталығы арқылы жүзеге асырылады.

255 АЕК-тен (шамамен 1,1 миллион теңге) жоғары онлайн несиелер үшін қосымша шектеу енгізіледі. Мұндай жағдайда қаражат келісімге қол қойылғаннан кейін кемінде 24 сағат өткен соң ғана беріледі. Егер банк тәуекел деңгейін жоғары деп бағаласа, бұл мерзім 8 сағаттан кем болмайды. Бұл талаптар шілде айының соңында күшіне енеді.

2026 жылғы 1 қазаннан бастап қосымша антифрод-сауалнама енгізіледі. Онда клиентке несие рәсімдеуді кім ұсынғаны, «қауіпсіз шотқа» ақша аудару туралы талаптар болған-болмағаны, қысым жасалған-жасалмағаны сияқты сұрақтар қойылады.

Егер жауаптарда алаяқтық ықтимал белгілері анықталса, банк қосымша тексеру жүргізуге міндетті болады. Нәтижесінде кредит беру тоқтатылуы, уақытша кідіртулі немесе толықтай бас тартылуы мүмкін.

Құжатта сонымен қатар басқа да өзгерістер қарастырылған. Енді банктер несие беру кезінде қосымша қызметтерді міндеттеп қоса алмайды және шарттарды жасырын түрде ұсына алмайды.

Материал авторы