662

Алматыда бірнеше күннен бері табылмай жатқан 25 жастағы жігіт өлі күйінде табылды

Жұмыстан шыққаннан кейін жоғалған Ерзат Егізбайдың мәйіті су айдынынан табылды.

Алматыда бірнеше күннен бері табылмай жатқан 25 жастағы жігіт өлі күйінде табылды
instagram/volontery_lider.kz_almobl

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда бірнеше күн бойы із-түзсіз жоғалған 25 жастағы Ерзат Егізбай өлі күйінде табылды. Жас жігітті полиция қызметкерлері, еріктілер мен туыстары бірлесіп іздеген. Іздеу жұмыстарының аяқталғанын Lider.kz еріктілері хабарлады.

«Өкінішке қарай, іздеу қаралы хабармен аяқталды», – деп жазды волонтерлер әлеуметтік желіде.

Алматы полиция департаментінің мәліметінше, ер адамның денесі қаладағы су айдындарының бірінен табылған. Алдын ала деректер бойынша, мәйіттен зорлық-зомбылық белгілері анықталмаған.

Қазір құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.

Туыстарының айтуынша, Ерзат 19 мамыр күні әдеттегідей жұмысқа кеткен. Кейін басшысынан дүкенге шығуға рұқсат сұрап, автобусқа отырып Еңбекшіқазақ ауданындағы Космос ауылы бағытына кеткен.

Жігіттің телефонынан соңғы сигнал дәл сол аумақтан тіркелген. Жақындарының сөзінше, ол бұған дейін ешқашан ескертусіз жоғалып көрмеген. Сондай-ақ құқық қорғау органдарының есебінде тұрмаған және қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған.

Материал авторы