Найзағай, шаңды дауыл және үсік: 26 мамырға арналған ауа райы болжамы
Синоптиктер бірнеше облыста дауылды ескерту жариялады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанның бірқатар өңірінде 26 мамырға арналған дауылды ескерту жарияланды. Синоптиктер жаңбыр, найзағай, дауыл, шаңды боран мен өрт қаупі күшейетінін ескертті.
Елдің батысы мен солтүстігінде ауа райы құбылмалы болады. Атырау, Батыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында жаңбыр мен найзағай күтіледі. Кей өңірлерде желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетуі мүмкін.
Атырау облысында күндіз шаңды дауыл соғып, өңірдің бір бөлігінде қатты жел тұрады. Төтенше өрт қаупі де сақталып отыр. Осындай ахуал Ұлытау, Қарағанды, Абай, Жетісу және Ақтөбе облыстарында да тіркелмек.
Шығыс Қазақстан облысында түнде тұман түсіп, кей аудандарда 2 градусқа дейін үсік жүреді. Ал Абай облысында шаңды дауыл болжанып отыр.
Түркістан, Алматы және Жамбыл облыстарының таулы аймақтарында өткінші жаңбыр мен найзағай күтіледі. Алакөл маңында да жел күшейеді.
Синоптиктер өрт қаупі жоғары және төтенше деңгейде сақталатын өңірлерде тұрғындарды сақ болуға шақырды. Мамандар әсіресе далада от жақпауға және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға кеңес берді.
Материал авторы