490 млн теңге: Шымкент шенеуніктері қатысқан тендерлік алаяқтық сотқа жетті
Шымкенттегі басқарма қызметкерлеріне заңсыз сыйақы жеткізген делдалдар да күдікке ілінді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы қаласы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті мемлекеттік сатып алу саласындағы ірі алаяқтыққа қатысты тергеуді аяқтады. Тергеу барысында жалған құрылыс тәжірибесін жасап беру арқылы тендер ұту схемасы әшкереленген.
ҚМА мәліметінше, «KazStroyOpyt LTD» ЖШС-нің басшысы консалтинг қызметі деген желеумен коммерциялық ұйымдарға құрылыс саласындағы жалған жұмыс тәжірибесін рәсімдеп отырған.
Тергеу материалдарына сәйкес, «Электрондық депозитарий» жүйесіне орындалған жұмыстар мен нысандарды пайдалануға беру туралы жалған актілер енгізілген. Соның нәтижесінде клиент-компаниялар мемлекеттік сатып алуларға қатысу кезінде заңсыз артықшылыққа ие болған.
Агенттік бұл схеманың әлеуметтік желілер мен түрлі интернет-платформаларда ашық жарнамаланғанын мәлімдеді.
Қылмыстық топ құрамында 11 адам болған. Сонымен қатар тергеу барысында Шымкент қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының лауазымды тұлғаларына заңсыз сыйақы жеткізіп отырған делдалдар анықталған. Олар жалған жұмыс тәжірибесін растауға көмектесті деген күдікке ілінді.
Қылмыстық кірістерді жасыру үшін бақылаудағы бірнеше заңды тұлға пайдаланылған. Солар арқылы ақша айналымы жүргізіліп, қаражат қолма-қол шешілген.
ҚМА дерегінше, қылмыстық табыс көлемі 490 млн теңгеден асқан.
Тергеу барысында жалған тәжірибе құжаттарын пайдаланып, мемлекеттік сатып алуға қатысқан 56 компания анықталған. Қазір олардың материалдары қосымша тексеру жүргізу үшін уәкілетті органдарға жолданды.
Іс бойынша үш күдікті қамауға алынған. Тағы сегіз адамға елден шықпау және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалды.
Қылмыстық іс сотқа жолданды. ҚМА өзге ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жария етілмейтінін хабарлады.
Ведомство мұндай схемалар адал емес компанияларға мемлекеттік келісімшарттарға заңсыз жол ашып, сапасыз жобалардың көбеюіне себеп болатынын атап өтті. Сонымен қатар бұл адал кәсіпкерлерді теңсіз жағдайға қалдырады.
Материал авторы