Қазақстанда түлектерге мейрамханада кеш өткізуге тыйым салынды
Люкс көлік пен тікұшақтан кейін министрлік шектеуді күшейтті.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан мектептерінде түлектерге аттестат тапсыру рәсімі 17-18 маусым күндері өтеді. Алайда биылғы талап бұрынғыдан қатаң: салтанатты кештерді тек білім беру ұйымдарының аумағында өткізуге рұқсат берілген. Бұл туралы Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, мектеп бітіру кештерін мейрамхана, кафе немесе банкет залдарында ұйымдастыруға тыйым салынған. Сонымен қатар ата-аналардан заңсыз ақша жинауға да жол берілмейді.
«Түлектерге аттестаттарды салтанатты түрде табыстау 17-18 маусымда өтеді. Мектеп бітіру іс-шараларын тек білім беру ұйымдарының аумағында өткізуге рұқсат етіледі», — деді министр.
Оның сөзінше, бұл мәселені бақылау үшін Оқу-ағарту министрлігі мен әкімдіктер бірлескен бұйрық қабылдаған. Енді жергілікті әкімдіктер мен полиция органдары талаптың сақталуын қадағалайды.
Бұл шешім әлеуметтік желіде қызу талқыланған Жаңаөзендегі соңғы қоңырау видеоларынан кейін қабылданған шектеулердің жалғасы ретінде қарастырылып отыр. Бұған дейін интернетте түлектердің люкс көліктермен жүріп, тікұшақ жалдап, дронмен түсірілім жасаған видеолары кең тараған еді.
Биыл Қазақстанда мектеп бітіру ережелері айтарлықтай өзгерді. Енді аттестат тек мектепте табысталады, мектептен тыс салтанатты кеш өткізуге болмайды. Сондай-ақ оқушылар мен ата-аналардан ақша жинауға және сыйлық алуға тыйым салынған.
Материал авторы