Петропавлда Porsche Cayenne көлігі қағып кеткен 12 жасар қыз көз жұмды
Жол апаты 25 мамыр күні кешкі уақытта қала көшелерінің бірінде болған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Петропавл қаласында 12 жастағы қызды көлік қағып кетіп, ол оқиға орнында қаза тапты. Қайғылы жол-көлік оқиғасы бойынша полиция тергеу жұмыстарын бастады.
Алдын ала мәлімет бойынша, апат 25 мамыр күні кешкі сағат 20:16 шамасында Потанин көшесінде болған. Жол апаты кезінде 24 жастағы жүргізуші Porsche Cayenne көлігін тізгіндеген.
Сол сәтте көлік кәмелетке толмаған жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Алған ауыр жарақаттар салдарынан 12 жастағы қыз оқиға орнында көз жұмды.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің хабарлауынша, аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.
Материал авторы