Тоқаев халықты Құрбан айтпен құттықтады
Мемлекет басшысы Құрбан айтты мейірім мен қайырымдылықты дәріптейтін қасиетті мереке деп атады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды қасиетті Құрбан айт мерекесімен құттықтап, бұл күндердің мейірім мен жанашырлықты дәріптейтін ерекше кезең екенін айтты.
Президенттің айтуынша, Құрбан айт – халқымыздың рухани өмірінде айрықша орны бар мереке. Бұл күндері мұсылман қауымы қайырымдылық, өзара құрмет, сенім мен тілеулестік секілді құндылықтарды терең сезінеді.
Мемлекет басшысы азаматтардың осы мерекеде өзгеге қол ұшын созу, үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге қамқор болу сияқты қасиеттердің маңызын айқын түсінетінін атап өтті. Сондай-ақ ислам іліміндегі әділдік, адамгершілік және рухани тазалық ұстанымдары қоғам үшін аса маңызды екеніне тоқталды.
Президент елдегі дәстүрлі діндердің барлығы халықтың рухани дамуына, ұрпақ сабақтастығы мен қоғамдық келісімнің нығаюына үлес қосып отырғанын айтты.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның егемендігі мен тәуелсіздігі бәрінен биік құндылық екенін атап өтті. Оның сөзінше, Конституция — ұлттық бірегейліктің өзегі, ал ел бірлігін сақтау мемлекеттің басты міндеттерінің бірі болып қала береді.
Мемлекет басшысы қазіргі күрделі кезеңде ел ішіндегі тұрақтылық пен тыныштықты сақтау әр азаматтың парызы екенін айтып, Әділетті Қазақстан құру жолында халықтың ынтымағына сенім білдірді.
Сөз соңында президент барша қазақстандықтарға денсаулық, бақ-береке тілеп, Құрбан айттың қабыл болуын тіледі.
Материал авторы