Ақтөбеде бірінші сынып оқушысы мектепте бензин ішіп қойды
Мұғалім баладан бензиннің иісі шыққанын байқап қалған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбе облысының Қобда ауданында бірінші сынып оқушысы мектеп ішінде бензинге ұқсас сұйықтық ішіп қойып, ауруханаға жеткізілді.
Оқиға оқу жылы аяқталардан аз уақыт бұрын болған. Үзіліс кезінде далада ойнап жүрген жеті жастағы бала кейін мектеп жертөлесіне түскен. Сол жерден ішінде белгісіз сұйықтығы бар ыдысты тауып алып, ішіп қойған. Артынша сыныпқа қайта кірген.
Сабақ кезінде мұғалім баладан бензиннің иісі шығып тұрғанын байқап, сұрай бастаған. Сол кезде оқушы жертөледен тапқан сұйықтықты ішкенін айтқан.
Бала сабақ аяқталғанша мектепте болған. Алайда үйіне барған соң құса бастаған. Анасы оны бірден ауруханаға апарған. Дәрігерлер асқазанын шайып, кейін облыстық балалар клиникалық ауруханасына жіберген.
Медициналық мекемеде бала ем қабылдап, бақылауда болған. Қазір оның жағдайы тұрақталып, үйіне шығарылған. Дәрігерлер өміріне қауіп жоқ екенін мәлімдеді.
Ақтөбе облыстық білім басқармасы оқиғаны растады. Ведомство мәліметінше, бензин иісі шыққан сұйықтықты кездейсоқ ішіп қойған оқушы ауруханаға жатқызылған.
Қазір болған жайттың барлық мән-жайын анықтау үшін арнайы комиссия құрылған.
Материал авторы