742

Сәрсемалиевтің соты: Атышулы қылмыстық іс бойынша басты сот процесі бүгін басталды

Сұлтан Сәрсемалиевтің соты жалғасып жатыр.

Сәрсемалиевтің соты: Атышулы қылмыстық іс бойынша басты сот процесі бүгін басталды
instagram.com/atyrauoil.official

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырауда Жангелдин ауылындағы отбасының қаза болуына қатысты резонансты қылмыстық іс бойынша негізгі сот процесі басталды. Істі Атырау облысы бойынша қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот қарап жатыр. Төрағалық етуші судья — Зарема Хамидуллина.

Айыпталушыға Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша айып тағылған: екі және одан да көп адамды өлтіру, ұрлық, алаяқтық және құжаттарды заңсыз иемдену.

Тергеу нұсқасына сәйкес, Сәрсемалиев қайын жұрты — төрт адамды қасақана өлтіргенін мойындаған. Психологиялық-психиатриялық сараптама қорытындысы бойынша ол ақыл-есі дұрыс деп танылған. Егер айыптар дәлелденсе, оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.

Сот барысында ол өз әрекетінің себебін түсіндіріп, ең ауыр жазаға да дайын екенін мәлімдеген.

Тергеу деректеріне сәйкес, марқұмдардың денелері әртүрлі жерден табылған. Үлкен жастағы туыстары үй жанындағы қораға жасырылған, ал екі жас отбасы мүшесі басқа елді мекен маңында жерленген күйде табылған.

Бұл іс 2025 жылдың соңында басталған із-түзсіз жоғалу оқиғасынан кейін ашылған. Сол кезде Жангелдин ауылынан бір отбасының жоғалғаны туралы хабар тараған болатын. Алғашында олардың жоғалуына қатысты түрлі нұсқалар айтылды: бір мүшесі жұмысына кеткеннен кейін байланыс үзілген, кейін қалғандары да ауылдан кеткені белгілі болған.

Кейін әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы отбасына тиесілі мүліктің сатылғаны туралы ақпарат тарады. Бұл жағдай тергеуге қосымша күдік тудырған.

2026 жылдың қаңтарында іздеу жұмыстары барысында отбасының кейбір мүшелерінің денелері табылып, іс кісі өлтіру бабымен қайта сараланды. Көп ұзамай негізгі күдікті ретінде күйеу бала халықаралық іздеуге жарияланды.

Кейін оның балаларын мемлекет қамқорлығына алу туралы шешім қабылданды.

Сот процесі жалғасуда, тараптардың ұстанымдары мен дәлелдері алдағы отырыстарда қаралатын болады.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор