603

«Өзімді ешқашан кешірмеймін»: Әл-Фараби даңғылындағы жол апаты бойынша сот басталды

Айыпталушы денсаулығына байланысты сотқа онлайн қатысуға рұқсат сұрады.

«Өзімді ешқашан кешірмеймін»: Әл-Фараби даңғылындағы жол апаты бойынша сот басталды
әлеуметтік желіден

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда адам өліміне әкелген жол апатына қатысты іс бойынша алдын ала сот отырысы өтті. Әл-Фараби даңғылындағы жантүршігерлік апаттан үш адам қаза тапқан еді.

Сот отырысында тараптардың өтініштері қаралды. Айыпталушының адвокаты сотталушының денсаулық жағдайына байланысты процеске онлайн форматта қатысуына рұқсат беруді сұрады.

Қорғаушының айтуынша, оның аяғындағы жарақат әлі толық жазылмаған, ауырсыну сақталып отыр. Сол себепті оны арнайы көлікпен сотқа жеткізу қиынға соғатыны айтылды.

Сондай-ақ адвокат айыпталушыға іс материалдарымен толық танысуға мүмкіндік беруді өтінді.

Бұдан бөлек, қорғаушы айыпталушыны фото-видеоға түсіруге және оның бейнесін жариялауға шектеу қоюды сұрады. Адвокат мұны сотталушының кәмелетке толмаған үш баласы барымен түсіндірді. Оның сөзінше, балалар әкесінің қайда екенін әлі білмейді және жария ақпарат олардың психологиялық жағдайына әсер етуі мүмкін.

Жәбірленуші тараптың өкілдері алғашқы екі өтінішті соттың қарауына қалдырғанымен, процесті жариялауға тыйым салуға қарсы шықты. Олар бұл істің қоғамда үлкен резонанс тудырғанын айтты.

Өтініштер қаралғаннан кейін айыпталушы сөз сөйлеп, қаза тапқандардың отбасынан кешірім сұрауға мүмкіндік беруді өтінді. Судья оған сөз берді.

«Ешқандай сөз сіздердің жақындарыңызды қайтара алмайды. Отбастарыңызға қандай қайғы әкелгенімді түсінемін. Заң алдында жауап беруге дайынмын. Жазамды өтеп шыққан соң да қолдан келгенше көмектескім келеді. Мен өзімді ешқашан кешірмеймін», — деді айыпталушы.

Осыдан кейін судья өтініштер бойынша шешім қабылдау үшін кеңесу бөлмесіне кетті.

Материал авторы