343

Найзағай, бұршақ, шаңды дауыл: елде ауа райы күрт бұзылады

29 мамырда елдің жартысында қолайсыз ауа райы күтіледі.

Найзағай, бұршақ, шаңды дауыл: елде ауа райы күрт бұзылады
unsplash.com

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, «Қазгидромет» 29 мамырға арналған ауа райы болжамын жариялап, елдің бірқатар өңірінде дауылды ескерту жасады. Синоптиктердің мәліметінше, кей облыстарда найзағай ойнап, бұршақ жауып, дауыл тұруы мүмкін. Сонымен қатар бірнеше аймақта төтенше өрт қаупі сақталып отыр.

Атырау облысында 29 мамырда жаңбыр жауып, найзағай күтіледі. Күндіз өңірдің оңтүстігі мен шығысында нөсер, бұршақ және дауыл болуы ықтимал. Желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетеді. Атырау қаласында да жаңбыр мен найзағай болжанған.

Маңғыстау облысында күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Облыстың кей бөлігінде шаңды дауыл тұрып, желдің жылдамдығы 17-22 м/с-қа дейін күшейеді. Ақтауда да қолайсыз ауа райы күтіледі.

Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Абай және Павлодар облыстарында найзағаймен қатар бұршақ пен дауыл болжанып отыр. Кей жерлерде жел екпіні 25-28 м/с-қа дейін жетуі мүмкін.

Ақтөбе, Қостанай, Ақмола және Қарағанды облыстарында жаңбыр, найзағай және қатты жел күтіледі. Кей өңірлерде тұман түседі.

Қызылорда облысының солтүстігі мен орталығында шаңды дауыл соғады. Желдің күші 15-20 м/с болады. Өңірдің бірнеше бөлігінде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталған.

Жетісу, Алматы және Жамбыл облыстарының таулы аудандарында өткінші жаңбыр мен найзағай болжанған. Іле Алатауында желдің екпіні 18-23 м/с-қа дейін жетеді.

Түркістан облысында 27-29 мамыр аралығында таулы және тау бөктеріндегі аудандарда өзендердегі су деңгейі көтерілуі мүмкін. Мамандар су тасқыны қаупі барын ескертті.

Синоптиктер тұрғындарға қауіпсіздік шараларын сақтап, алыс жолға шыққанда ауа райы болжамын ескеруге кеңес берді. 

Материал авторы