«Кел, сүйісейік»: Алматыда автобус ішіндегі ер адамның әрекеті жұрттың ашуын туғызды
Қыздарға тиісіп жүрген ер адам видеоға түсіп қалды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда қоғамдық автобуста қыздарға тиіскен ер адамның әрекеті әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр.
Желіде тараған видеода масаң күйдегі ер адамның жолаушыларға маза бермей, автобус ішінде жанжал шығарғаны көрінеді. Жазба авторының айтуынша, ол әуелі бір қызға тиісіп, кейін салондағы өзге адамдарға да мазасыздық тудырған.
Куәгер қыздың сөзінше, ер адам оған жақындап, әдепсіз ұсыныс айтқан.
«Қыз, сабағың бітті ме? Кел, сүйісейік», – деген ол.
Қыз бірнеше рет ер адамнан алыстап, басқа орынға отыруын сұрағанымен, ол мазалауын тоқтатпаған. Біраздан кейін тағы бір жолаушы қыздың қасына барып, рұқсатсыз сөмкесін тізесіне қойған. Бұл жағдай автобус ішіндегі адамдардың ашуын туғызған.
Артқы қатарда отырған жігіттердің бірі араласып, ер адамнан бос орынға барып отыруын талап еткен.
Видео авторының мәліметінше, қыз аялдамадан түскен кезде ер адам да оның артынан бірге түскен.
Алматы қалалық полиция департаменті бұл оқиға бойынша әзірге ешкімнен ресми арыз түспегенін хабарлады.
«Аталған дерек бойынша Алматы қаласының полициясына арыз-шағым түскен жоқ. Соған қарамастан тексеру шаралары жүргізіліп жатыр», – деп мәлімдеді ведомство.
Материал авторы