Қордайда арнайы жасақ қызметкері ауруханада көз жұмды
Казарма дәлізінде қарудан жараланған инспектор қаза тапты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жамбыл облысында арнайы жедел әрекет ету жасағының қызметкері ауыр жарақаттан кейін ауруханада көз жұмды.
Қайғылы оқиға 28 мамыр күні таңертең Қордай аудандық полиция бөлімінің ғимаратында болған. Бұл туралы алғаш болып Halyqstan Telegram-арнасы жазды.
Алдын ала мәлімет бойынша, 1995 жылы туған арнайы жасақ инспекторы қызметтік қарудан оқ атып, ауыр жараланған. Оқиға арнайы жасақ казармасының дәлізінде болғаны айтылды.
Жараланған полиция қызметкері шұғыл түрде орталық аудандық ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер оның өмірі үшін күрескенімен, кешке қарай реанимация бөлімінде ес жимастан қайтыс болған.
Жамбыл облыстық полиция департаменті аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 105-бабы аясында сотқа дейінгі тергеу басталғанын мәлімдеді.
Ведомствоның хабарлауынша, қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар қызметтік тексеріс тағайындалған.
Материал авторы