Астанада Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің шағын отырысы өтті
Путин, Лукашенко және Жапаров Астанадағы ЖЕЭК отырысына қатысты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің шағын құрамдағы отырысы өтті.
Мемлекет басшысы жиынның символикалық мәніне арнайы тоқталды. Оның айтуынша, осыдан тура 12 жыл бұрын — 2014 жылдың 29 мамырында Қазақстан астанасында Еуразиялық экономикалық одақ туралы тарихи шартқа қол қойылған.
Президент бұл күннің еуразиялық интеграция тарихындағы маңызды белес екенін атап өтті.
– Сол сәттен бастап Одақ еуразиялық «бестіктің» негізгі экономикалық және саяси диалог алаңына айналды. Әріптестерімді Еуразиялық экономикалық одақ күнімен құттықтаймын. Бірлестік алдағы уақытта да елдеріміз бен халықтарымыздың игілігі үшін жұмыс істей береді деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы бүгінгі кездесуде сыртқы сауда, экономикалық ықпалдастық және жасанды интеллектіні дамыту мәселелері талқыланатынын айтты. Оның сөзінше, бұл бағыттағы пікір алмасу кеше өткен экономикалық форум аясында басталған.
Президент шағын форматтағы отырыс қорытындысы өзара тиімді шешімдермен аяқталатынына сенім білдірді.
Жиынға Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Ресей Президенті Владимир Путин, Армения премьер-министрінің орынбасары Мгер Григорян және Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев қатысты.
Материал авторы