1003

Астанада тағы бір КамАЗ велосипед мінген жасөспірімді қағып кетті (ВИДЕО)

Бетонараластырғышпен болған қайғылы оқиғадан кейін тағы бір бала зардап шекті.

Астанада тағы бір КамАЗ велосипед мінген жасөспірімді қағып кетті (ВИДЕО)
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада жүк көлігі мен велосипед мінген баланың қатысуымен тағы бір жол-көлік оқиғасы тіркелді.

imedia.com.kz мәліметінше, Тілендиев даңғылында КамАЗ жүк көлігі велосипедпен келе жатқан жасөспірімді қағып кеткен.

Алдын ала ақпарат бойынша, жүргізуші жанармай құю бекетіне қарай оңға бұрылған кезде баланы байқамай қалған. Сол сәтте жасөспірім велосипедтен түспестен жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқан.

Жол апаты салдарынан бала түрлі жарақат алып, ауруханаға жеткізілді.

Қазір оқиғаға байланысты тексеру жүргізіліп жатыр. Апаттың нақты себептері мен мән-жайы анықталуда.

Бұл жағдай елордада жуырда болған қайғылы оқиғадан кейін тіркеліп отыр. Бұған дейін Астанада бетон араластырғыш көліктің астына түскен велосипед мінген бала көз жұмған еді. Қайғылы оқиға Тәуелсіздік даңғылы мен Пушкин көшесінің қиылысында болған.

Алдын ала мәлімет бойынша, мектеп оқушысы жүк көлігінің жүргізушісі үшін көрінбейтін аймаққа түсіп қалған болуы мүмкін.

Соңғы күндері болған екі оқиға да велосипед мінген балалардың қауіпсіздігі мәселесін қайта көтерді. Мамандар ірі жүк көліктерінің жанында аса сақ болу қажеттігін еске салып, ата-аналарды балаларға жол қозғалысы ережелерін түсіндіруге шақырады. 

Материал авторы