2054

«Шаш жұлысқан жоқпын»: Назым Қаһарман Бишімбаевтың көңілдес әйелдері туралы кітап шығарды

Автор кітапта Бишімбаевтың көңілдес әйелдерінің есімдерін өзгертпегенін мәлімдеді.

«Шаш жұлысқан жоқпын»: Назым Қаһарман Бишімбаевтың көңілдес әйелдері туралы кітап шығарды

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, экс-министр Қуандық Бишімбаевтің бұрынғы жары Назым Қаһарман күзде жарық көретін жаңа кітабы туралы хабарлады. Оның айтуынша, туынды бұрынғы күйеуінің көңілдес әйелдеріне арналады және онда олардың есімдері өзгеріссіз беріледі. Бұл туралы Қаһарман Instagram парақшасында жазып, бұрынғы күйеуінің көңілдес әйелдеріне арнайы үндеу жолдады.

«Бұрынғы күйеуімнің көңілдес әйелдері, бұл жазба сіздер туралы. Барлығыңыз кітабыма өз есімдеріңізбен ендіңіздер. Кітаптың тұсаукесері күзде өтеді. Мен сіздерге хат жазып, шаштарыңызды жұлысқан жоқпын. Бірақ бұл сіздер туралы ештеңе білмеймін деген сөз емес. Мен бұл мәселеде тек бұрынғы күйеуіммен есептестім. Алайда тұрмыстағы ер адаммен қарым-қатынас орнату – әркімнің жеке таңдауы. Оның соңы біреудің кітабына кейіпкер болып кірумен аяқталуы мүмкін», – деп жазды ол.

Назым Қаһарман кітап жарыққа шықпас бұрын заңгерлермен кеңескенін де айтты. Оның сөзінше, қолында жазысқан хаттардың скриншоттары секілді дәлелдер бар.

Автордың мәліметінше, шығарма автофикшн жанрында жазылған. Яғни онда шынайы өмірдегі оқиғалар мен көркем элементтер астасып жатыр. Қолжазба қазірдің өзінде баспаға тапсырылған, ал кітаптың тұсаукесері осы жылдың күзіне жоспарланған.

Еске салайық, 2024 жылы мамырда сот Қуандық Бишімбаевты азаматтық жұбайы Салтанат Нүкенованы өлтіріп, азаптады деп танып, 24 жылға бас бостандығынан айырған болатын. Кейін апелляциялық сот үкімді өзгеріссіз қалдырды.

Сондай-ақ 2024 жылы Назым Қаһарманның Бишімбаевты ата-ана құқығынан айыру туралы талабы қаралғанымен, сот оның пайдасына шешім шығармаған.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор