«Енді мен Барселонамын»: қазақ блогер есімін өзгертіп, жұртты таңғалдырды
Блогер Айтолқын Айханова жаңа өмірді жаңа есіммен бастауды шешті.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, қазақстандық блогер Айтолқын Айханова әлеуметтік желідегі оқырмандарын күтпеген жаңалығымен таңғалдырды. Instagram желісінде @mamina_krasavica_new парақшасымен танымал блогер өзінің есімін ресми түрде өзгерткенін мәлімдеді.
36 жастағы Айтолқын Айханова Instagram парақшасында Халыққа қызмет көрсету орталығынан түсірілген бейнеролик жариялап, жаңа туу туралы куәлік алғанын хабарлады.
«Мен қазір ХҚКО-дамын. Жаңа туу туралы куәлік алдым. Себебі есімімді өзгерттім. Бұл мен үшін өте ерекше сәт. Мені жақын танитын адамдар алғашқы есімімді де біледі. Қырық күнге дейін мені дәл солай атаған. Кейін атым өзгертілді. Негізі бұл есімді атам қойған еді. Ол менің осылай аталғанымды қалаған. Бірақ кейін мені Айтолқын деп атады. Содан бері 36 жыл Айтолқын болып өмір сүрдім. Енді өмірімді түбегейлі өзгерткім келеді. Сондықтан бұрынғы есімімді қайтардым. Бұдан былай мен Айтолқын емеспін. Мені Барселона деп атаңыздар», – деді блогер.
Оның айтуынша, Барселона есімін атасы Олимпиада ойындарының құрметіне қойған. Отбасындағы басқа немерелердің де ерекше есімдері бар. Мәселен, ағасының аты – Сеул, інісінің аты – Сидней, ал жиенінің есімі – Токио.
Блогердің мәлімдемесі әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыланды. Кейбір оқырмандар бұл шешімді әзілмен қабылдаса, енді біреулері оның таңдауын қолдады.
Пікір қалдырушылардың бір бөлігі адамның өз есімін таңдауға толық құқығы бар екенін айтып, блогерге сәттілік тіледі.
Материал авторы