925

Оралда тірідей жанып кеткен 8 жастағы баланың ісі жабылды: Ата-анасы тергеуге наразы

Тірідей жанып кеткен баланың ата-анасы әділдікке жете алмай отырғанын айтты.

Оралда тірідей жанып кеткен 8 жастағы баланың ісі жабылды: Ата-анасы тергеуге наразы
mgorod.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Оралда өткен жылы көпқабатты үйдің ауласында ауыр күйік алып, көз жұмған 8 жастағы Артемге қатысты қылмыстық іс тоқтатылды. Марқұм баланың анасы тергеу барысында көптеген маңызды дәлелдер жиналмай қалғанын айтып, құқық қорғау органдарының әрекетіне наразылық білдірді. Бұл туралы Мой Город басылымы жазды. 

Қайғылы оқиға 2025 жылғы 10 тамызда Орал қаласындағы Қонаев көшесі, 55-мекенжайында болған. Жазғы демалысқа әжесінің үйіне келген Артем сол күні достарымен серуендеуге шыққан. Бірнеше сағаттан кейін оны ауыр күйік шалған күйде үйіне алып келген.

Баланың анасы Мұхаббат Пардаеваның айтуынша, Артем есін жоғалтпаған, бірақ оған не болғанын нақты түсіндіре алмаған. Тек өзін өлтірмек болғандарын қайталай берген. Дәрігерлер оның денесінің 96 пайызы күйгенін анықтаған.

Анасының сөзінше, қылмыстық іс 2026 жылдың ақпанында жабылған. Ол тергеу барысында дәлелдердің басым бөлігін отбасының өзі жинағанын айтады. Әйел мектеп пен дүкеннің бейнебақылау камераларындағы жазбаларды өз күшімен алған.

Оның айтуынша, подъездегі камералар бейнені небәрі жеті күн сақтаған. Осы уақыт ішінде полиция қажетті жазбаларды алып үлгермеген. Нәтижесінде оқиғаның ең маңызды сәттері тіркелген бейнематериалдар жоғалып кеткен.

«Іс жүзінде бұл іспен ешкім айналысқан жоқ. Бізге бейнежазбалардың тек үзінділері ғана көрсетілді. Ал ең маңызды кадрлар жоқ болып шықты. Менің ойымша, полиция бұл істі тиісінше тергемеді», – дейді марқұм баланың анасы.

Отбасының мәліметінше, оқиғаға кәмелетке толмағандар қатысы болуы мүмкін. Алайда ешкім жауапкершілікке тартылмаған.

Әділдікке қол жеткізу үшін заң аясындағы барлық мүмкіндікті пайдаланып болған соң, баланың әкесі кінәлілерді анықтауды сұрап видеоүндеу жариялаған. Бірақ кейін оның өзіне қатысты арыздар түсіп, отбасы адвокат жалдауға мәжбүр болған.

«Бәрі өзімізге қарсы бұрылды. Күйеуімнің ешкімге қоқан-лоқы жасамағанын дәлелдеуге тура келді», – дейді Мұхаббат Пардаева.

Қазір ата-анасы Оралға тек ұлының зиратына бару үшін ғана келетінін айтады.

Ал Батыс Қазақстан облыстық полиция департаменті іс аясында барлық қажетті сараптама жүргізілгенін мәлімдеді. Ведомствоның хабарлауынша, қылмыстық іс ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы 1-бөлігі 2-тармағы негізінде, яғни әрекетте қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болмағандықтан тоқтатылған.

Материал авторы