«Сені біреулер пайдаланып жүр ме?»: Олимпиада жүлдегері Шайдоровты қолдады
Шайдоровтың жалақы мәселесіне Олимпиада жүлдегері араласты.
Сиднейде өткен 2000 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, еркін күрес шебері Ислам Байрамуков мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров төңірегінде туындаған жағдайға қатысты пікір айтты.
Оның сөзінше, Шайдоровтың жетістігі – бүкіл ел үшін маңызды оқиға. Байрамуков спортшының әлемдік деңгейде жеңіске жетіп, Қазақстанға 32 жылдан кейін алтын медаль сыйлағанын атап өтті.
«Бұл – орасан зор еңбектің жемісі. Бүкіл халық осы жетістікке қуанып, болашақтан үлкен үміт күтеді. Михаил ел спортының мерейін өсірді. Алайда қазіргі таңда осы мәселе төңірегінде түрлі пікір айтылып жатыр», – деді ол.
Олимпиада жүлдегері жағдайға спорт саласында ұзақ жыл еңбек еткен маман ретінде қарайтынын айтты. Оның пікірінше, бұл үлкен дау туғызатын мәселе емес, өзара талқылау арқылы шешілетін жағдай.
«Тәртіп бар жерде ғана жүйе жұмыс істейді. Сондықтан мұнда күрделі түйткіл көріп тұрған жоқпын. Мұны сабырмен отырып шешуге болады», – деді Байрамуков.
Сондай-ақ ол спорттағы қаржыландыру мәселесіне тоқталып, мемлекеттік сыйақылар мен төлемдер салық төлеушілердің қаражаты есебінен берілетінін еске салды.
«Спортшылар жеңіспен оралғанда құрмет көрсетеміз. Бірақ бөлінетін қаржының бәрі халықтың қаражаты екенін ұмытпау керек. Егер қаржы бақылаусыз таратылса, кейін оның жұмсалуына қатысты сұрақтар туындайды», – деді ол.
Байрамуков Қазақстан спортының дамып жатқанын және Туризм және спорт министрлігінің жұмысын оң бағалайтынын жеткізді.
«Әр кезеңнің, әр министрдің өз ерекшелігі бар. Қазіргі министрдің тұсында спортшыларға көптеген мүмкіндік жасалды», – деп мәлімдеді ол.
Сонымен қатар бұрынғы спортшылардың салада қызмет атқаруын қолдап, олардың тәжірибесі жас буынға қажет екенін айтты.
Сөз соңында ол қоғамды мәселені ушықтырмай, сындарлы түрде шешуге шақырды.
«Бұл жағдайды саясиландырудың қажеті жоқ. Ел бірлігін сақтап, спортшыларды қолдауымыз керек. Барлығы заң аясында дұрыс шешіледі деп сенемін», – деді Ислам Байрамуков.
Бұған қоса Қазақстанның фристайл-могул құрамасының бас бапкері Елена Круглыхина де Шайдоровтың жалақы мәселесіне қатысты пікір білдірді.
Оның айтуынша, қысқы спорт түрлерінің өкілдері секілді Михаил Шайдоров та 2026 жылдың 22 ақпанына дейінгі келісімшартқа қол қойған. Круглыхина кейінгі құжаттарды рәсімдеуге тек федерация ғана емес, спортшының менеджерлері мен агенттері де жауапты болғанын атап өтті.
«Миша, әлде біреулер сені пайдаланып жүр ме? Сен де, біз де 2026 жылдың 22 ақпанына дейінгі келісімшартпен жұмыс істедік. Федерация келісімді уақытында ұзартпағаны рас. Бірақ сенің де агенттерің мен менеджерлерің бар ғой. Неге бұл мәселемен айналыспады?» – деп жазды ол әлеуметтік желіде.
Материал авторы