Павлодарда мас ер адам көліктің үстіне секіріп, полицияға түсті
Куәгерлер бірнеше рет тоқтатуға тырысқанымен, ер адам көліктің төбесінде секіріп жүрген.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Павлодар облысында мас күйдегі тұрғын бөтен көлікті бүлдіріп, полицияның қолына түсті.
Оқиғаның видеосы Instagram желісіндегі pavlodar_budni парақшасында жарияланды. Кадрларда ер адамның кроссовердің төбесіне шығып алып, көлікті аяғымен теуіп, үстінде секіріп жүргені көрінеді. Жанында тұрған адамдар оны бірнеше рет төмен түсуге шақырған. Ақырында олардың бірі бұзақыны көліктің үстінен түсіріп алды.
Өңірлік полиция департаментінің мәліметінше, құқық бұзушы мас күйде болған. Ол ұсталып, полиция бөліміне жеткізілген.
Тәртіп сақшыларының хабарлауынша, бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіру фактісі бойынша әкімшілік іс қозғалды. Сотқа дейін ер адам уақытша ұстау орнына қамалған.
Полиция бұл бап бойынша айыппұл салудан бастап 20 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасы қарастырылғанын мәлімдеді.
Сонымен қатар құқық бұзушы көлік иесіне келтірілген материалдық шығынды өтеуге міндеттелуі мүмкін.
Материал авторы