954

Жетісуда сиырдың үстіне «Өлтіремін» деп жазып кеткен: полиция тергеу бастады

Полиция малға қорлық көрсеткен белгісіз адамдарды анықтауға кірісті.

Жетісуда сиырдың үстіне «Өлтіремін» деп жазып кеткен: полиция тергеу бастады
Бейнежазбадан

Жетісу облысының Ақсу ауданындағы Қызылағаш ауылында тұрғындардың наразылығын туғызған тосын оқиға болды. Белгісіз біреулер сиырға бояу құйып, денесіне «Өлтіремін» деген жазу қалдырған.

Жануардың иесі Серік Сапировтың айтуынша, сиырға еден бояуы төгілген. Бояу оның көзіне дейін тиген. Бұдан бөлек, малдың бүйіріне қорқыту сипатындағы сөз жазылған.

Ауыл тұрғыны бұл әрекетке малдың бөтен аумаққа кіріп кетуі себеп болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Дегенмен ол қандай жағдай болса да жануарға қатыгездік көрсетуге ешкімнің құқығы жоқ екенін айтты.

«Егер сиырым біреудің ауласына кіріп, шөбін жеп қойса, кешірім сұрап, келген шығынды өтеп беруге дайынмын. Бірақ малды қорлап, азаптауға болмайды», – дейді ол.

Оқиғадан кейін тұрғын полицияға арыз жазып, кінәлілерді анықтауды талап еткен.

Айта кетейік, Қызылағаш ауылы соңғы жылдары жер мәселесіне байланысты туындаған даулар мен жергілікті тұрғындар арасындағы келіспеушіліктерге байланысты бірнеше рет қоғам назарын аударған болатын.

Материал авторы