Найзағай, бұршақ және 40 градус ыстық: синоптиктер ескерту жасады
Қазгидромет бірнеше облысқа бірден ескерту жариялады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, «Қазгидромет» 1 маусымға арналған дауылды ескерту жариялады. Синоптиктердің болжамынша, елдің бірнеше өңірінде жаңбыр, найзағай, бұршақ, қатты жел мен аптап ыстық күтіледі.
Атырау облысында түнде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Күндіз облыстың солтүстік және шығыс аудандарында да жауын-шашын сақталады. Батыс бөлігінде тұман түсіп, шығысында желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетеді. Атырау қаласында да түнгі уақытта найзағайлы жаңбыр күтіледі.
Маңғыстау облысының бірқатар ауданында түнде нөсер жаңбыр жауып, найзағай мен бұршақ болуы мүмкін. Облыстың солтүстік-шығысында жел күшейеді. Сонымен қатар өңірдің бірнеше бөлігінде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.
Қызылорда облысында жаңбыр мен найзағай болжанып отыр. Желдің күші кей жерлерде 15-20 м/с-қа дейін жетеді. Өңірдің басым бөлігінде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталған.
Ақмола, Қарағанды, Ұлытау және Ақтөбе облыстарында жаңбыр, найзағай және кей жерлерде бұршақ күтіледі. Желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін күшейеді. Кей өңірлерде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталып отыр.
Жетісу облысында күндіз ауа температурасы 35-38 градусқа дейін көтеріледі. Алакөл маңында желдің екпіні 23-28 м/с-қа жетуі мүмкін. Талдықорғанда да 35-37 градус аптап ыстық болады деп болжануда.
Жамбыл облысында күндіз жаңбыр мен найзағай күтіледі. Ауа температурасы 38-40 градусқа дейін көтеріліп, желдің екпіні 23 м/с-қа жетеді.
Түркістан облысында да ауа райы құбылмалы болады. Кей аудандарда өткінші жаңбыр мен найзағай болжанса, күндіз өңірде 40 градусқа дейін қатты ыстық сақталады. Желдің екпіні кей жерлерде 23-28 м/с-қа дейін күшейеді.
Синоптиктер тұрғындарға ауа райының күрт өзгеруіне байланысты сақтық шараларын сақтап, дауылды ескертулерді назардан тыс қалдырмауға кеңес берді.
Материал авторы