Сирия президенті Трампқа хабарласып, санкцияларды алып тастауды сұрады
Башар Асад биліктен қашып кеткеннен кейін АҚШ бірқатар шектеулерді алып тастаған болатын.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Сирия президенті Ахмед әл-Шараа АҚШ президенті Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлесіп, екі ел арасындағы қарым-қатынас пен Таяу Шығыстағы ахуалды талқылады. Әңгіме барысында Сирия басшысы америкалық санкцияларды толық алып тастау мәселесін көтерді.
Ахмед әл-Шарааның айтуынша, қалған санкциялардың күшін жою Сирия экономикасын қалпына келтірудегі шешуші қадам болмақ. Ол бұл шара елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартып қана қоймай, өңірге шетелдік инвестиция тартуға да мүмкіндік беретінін айтты.
Сирия президентінің кеңсесі таратқан ақпаратқа сәйкес, Дональд Трамп өңірдегі оқиғалардың даму барысына қызығушылық танытып, Сирияны қалпына келтіру үдерісінің тұрақты жүруі маңызды екенін атап өткен. Тараптар алдағы уақытта да байланыста болып, телефон арқылы сөйлесіп тұруға келіскен.
Башар Асад билігі құлағаннан кейін АҚШ Сирияға қатысты бірқатар қатаң санкцияларды алып тастаған болатын. Соның нәтижесінде Сирияға азаматтық мақсаттағы америкалық технологиялар мен тауарларды жеткізуге рұқсат берілді. Алайда санкциялардың бір бөлігі әлі де күшінде қалып отыр.
Reuters агенттігінің мәліметінше, Вашингтон болашақта да бұрынғы президент Башар Асадқа, оның жақын айналасына, адам құқықтарын бұзуға қатысы бар тұлғаларға, есірткі контрабандасымен айналысатын топтарға және өңірдегі тұрақсыздыққа ықпал ететін адамдарға қатысты шектеулерді сақтап қалуды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар АҚШ билігі Сирияның «терроризмді қолдайтын мемлекет» мәртебесін қайта қарау мәселесін де талқылап жатыр. Бұл мәртебе қаржылық операцияларға, қорғаныс өнімдерінің экспортына және америкалық көмекті алуға елеулі шектеулер қояды.
Материал авторы