«8 жасар ұлыңмен соттасып жүрсің»: әнші Нұрлан Абдуллин алимент дауына қалды
Әйел әншіні алимент қарызын төлемей табысын жасырды деп айыптап отыр.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, әлеуметтік желіде қазақстандық эстрада әншісі, тележүргізуші әрі кәсіпкер Нұрлан Абдуллиннің атына қатысты жарияланымдар қызу талқыланып жатыр. Threads желісіндегі maral_bakkara лақапатты қолданушы өнер иесін бірнеше жылдан бері алимент берешегін өтемей келеді деп айыптады.
Желі қолданушысының жазуынша, әнші ұлы алдындағы үш жылдық алимент қарызын жаппаған. Сонымен қатар ол Нұрлан Абдуллинді табысын жасырып, баласына тиесілі қаражатқа қатысты міндеттемелерін орындамады деп мәлімдеген.
Автордың айтуынша, өнер иесі қайырымдылыққа миллиондаған қаржы жұмсағанымен, өз ұлына ай сайын небәрі 25 мың теңге алимент төлеген. Ол сондай-ақ әншінің кәмелетке толмаған баласымен соттасып жүргенін де жазған.
Бұдан бөлек, жарияланым иесі Нұрлан Абдуллиннің табысын жасыруы мүмкін екенін айтып, бұл мәселеге салық органдары назар аударуы тиіс деген пікір білдірді.

Желіде тараған тағы бір жазбада әйел әншінің өзіне қысым көрсетіп, қорқытқанын алға тартқан. Алайда бұл мәлімдемелерге қатысты қандай да бір ресми дәлелдер ұсынылмаған.
Посттар астында пікір білдірген қолданушылардың бір бөлігі авторды қолдаса, енді бірі мұндай дауларды әлеуметтік желіде емес, заң аясында шешуге шақырған.
Қазіргі уақытта Нұрлан Абдуллин бұл айыптауларға қатысты ресми түсініктеме берген жоқ. Сондықтан әлеуметтік желіде жарияланған мәліметтер әзірге бір тараптың мәлімдемесі ретінде ғана қарастырылады.
Материал авторы