«Пәтерге кіргізген»: Атырауда 9 бала 8-сынып оқушысын ұрып-соққан
Жасөспірімнің анасы ұлын бірнеше сағат қамап ұстап, соққыға жыққанын айтты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырауда сегізінші сыныпта оқитын оқушының соққыға жығылуына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Баланың анасы ұлын тоғыз жасөспірім алдап пәтерге кіргізіп, бірнеше сағат бойы ұрып-соққанын мәлімдеді.
Жәбірленушінің анасының айтуынша, оқиға 29 мамыр күні болған. Оның сөзінше, ұлын таныстары пәтерге шақырып, сағат 15:00-ден 18:00-ге дейін сыртқа шығармай ұстаған. Осы уақыт аралығында тоғыз кәмелетке толмаған жасөспірім кезек-кезек күш көрсеткен.
Сондай-ақ әйел оқиғадан кейін жанжалға қатысушыларды өзі іздеуге мәжбүр болғанын және сот-медициналық сараптама бірден тағайындалмағанын айтты.
Бұл жағдай әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, тұрғындар оқиғаны жан-жақты әрі әділ тергеуді талап етті.
Атырау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, құқық бұзушылыққа қатысы бар 15-16 жастағы барлық жасөспірім анықталып, заңды өкілдерімен бірге Атырау қалалық полиция басқармасына жеткізілген.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталды.
Сонымен қатар құқық бұзушылыққа қатысы бар кәмелетке толмағандар ішкі істер органдарының профилактикалық есебіне қойылған. Жиналған материалдар Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның қарауына жолданады.
Ал олардың ата-аналары балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Материал авторы