Макрон Ресейден шыққан санкциядағы танкердің ұсталғанын мәлімдеді
Операция Ұлыбритания бастаған бірнеше серіктес елдің қолдауымен жүзеге асырылған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Франция президенті Эммануэль Макрон Атлант мұхитында Ресейден шыққан танкердің ұсталғанын хабарлады. Бұл туралы ол X әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.
Макронның мәлімдеуінше, Франция әскери-теңіз күштері 31 мамыр күні таңертең халықаралық санкциялар тізіміне енгізілген және Ресейден бағыт алған Tagor танкерін қолға түсірген.
«Біздің табандылығымыз өзгермейді әрі толық сақталады», – деді Франция басшысы.
Оның айтуынша, операция Атлант мұхитындағы халықаралық суларда өткізілген. Іс-шараға бірнеше серіктес мемлекет, соның ішінде Ұлыбритания қолдау көрсеткен. Макрон операция халықаралық теңіз құқығының талаптарына толық сәйкес жүзеге асырылғанын атап өтті.
Франция президенті халықаралық санкцияларды айналып өтуге, теңіз құқығын бұзуға және Ресейдің Украинаға қарсы жүргізіп отырған соғысын қаржыландыруға жол беруге болмайтынын айтты.
«Халықаралық санкцияларды айналып өтетін, теңіз құқығын бұзатын және Ресейдің Украинаға қарсы төрт жылдан астам уақыттан бері жүргізіп келе жатқан соғысын қаржыландыратын кемелердің әрекетіне жол берілмеуі тиіс», – деді Макрон.
Айта кетейік, бұған дейін де Франция билігі Ресеймен байланысты танкерді ұстаған болатын. Ол кезде де бұл туралы Макрон әлеуметтік желі арқылы хабарлаған еді.
Материал авторы