Министрлік Шайдоровпен болған дауға нүкте қойды
Министрлік пен олимпиада чемпионы келісімге келген.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанның Туризм және спорт министрлігі олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровпен туындаған даулы мәселе толық реттелгенін хабарлады. Ведомствоның мәліметінше, спортшы жаңа келісімшартқа қол қойып, алдағы оқу-жаттығу жиындары мен дайындық жұмыстарына қажетті қаржыландыруды алады. Бұл туралы министрліктің ресми әлеуметтік желідегі парақшасында вице-министр Серік Жарасбаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, қоғамда қызу талқыланған келісімшарт заң талаптарына сәйкес рәсімделген. Тараптар құжаттағы барлық тармақтарды талқылап, ортақ мәмілеге келген.
«Михаил келісімшартқа қол қойды. Құжат заң аясында рәсімделді. Барлық тармақтар бойынша келісімге қол жеткізілді. Қазіргі уақытта келісімшарт күшіне енді. Қол қойылған сәттен бастап оны іске асыру жұмыстары басталды. Келісімшартта қарастырылған барлық міндеттемелер орындалып, тиісті төлемдер толық жүргізіледі», – деді Серік Жарасбаев.
Вице-министрдің сөзінше, Шайдоров бұған дейін жоспарланғандай 5 маусымда жаңа маусымға дайындық үшін оқу-жаттығу жиындарына аттана алады.
Алайда әзірге Михаил Шайдоровтың өзі де, оның менеджері де бұл мәлімдемеге қатысты пікір білдірген жоқ. Сондай-ақ спортшы әлеуметтік желілердегі парақшаларында министрлікпен жаңа келісімшартқа қол қойғаны жөнінде ақпарат жарияламаған.
Еске салайық, бұған дейін Михаил Шайдоров бірнеше ай бойы жалақы төленбей жатқанын мәлімдеп, мәселені көпшілік алдында көтерген еді. Оның айтуынша, олимпиада алтынын жеңіп алғаннан кейін ақпан айынан бері өзі мен командасы еңбекақы алмаған. Кейін бұл жағдай қоғамда кеңінен талқыланып, министрлік пен спортшы арасында пікір қайшылығы туындаған болатын.
Материал авторы