639

«Жағдайлары ауыр»: Екібастұзда жүк көлігі әйел мен баланы қағып кетті

Кері жүріп келе жатқан ГАЗ балалы әйелді қағып кеткен.

«Жағдайлары ауыр»: Екібастұзда жүк көлігі әйел мен баланы қағып кетті
instagram.com/sadaqmedia

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Екібастұзда жүк көлігінің қатысуымен болған жол апатынан әйел мен бала зардап шекті. Оқиғадан кейін әйел ауыр хәлде ауруханаға жеткізілді.

Павлодар облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы 24 мамыр күні болған. Алдын ала дерек бойынша, ГАЗ маркалы жүк көлігінің жүргізушісі кері бағытта қозғалып келе жатып, баламен бірге кетіп бара жатқан жаяу жүргіншіні қағып кеткен.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.

«Жол апаты салдарынан жаяу жүргінші зардап шекті. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, 24 мамыр күні Екібастұз қаласында ГАЗ көлігінің жүргізушісі артқа қарай маневр жасау кезінде баламен бірге келе жатқан әйелді қағып кеткен. Көлік арнайы тұраққа қойылды», – деп хабарлады полиция.

Зардап шеккен әйел қалалық ауруханаға жатқызылды. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, ол аурухананың жансақтау және қарқынды терапия бөліміне көптеген жарақаттармен, бірнеше сүйек сынуымен және дене жарақаттарымен түскен.

Дәрігерлер науқастың жағдайын тұрақтандырғаннан кейін келесі күні оны травматология бөліміне ауыстырған. Қазіргі уақытта әйелдің жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр. Мамандар қажетті ем-дом шараларын жалғастыруда.

Осы арада елордадағы Сарайшық ауданында жеңіл автокөліктің өртенуі салдарынан зардап шеккен бес адамның ауруханаға жеткізілгені белгілі болды. Олардың арасында бір бала бар. Дәрігерлер барлық зардап шеккендердің жағдайын ауыр, бірақ тұрақты деп бағалаған.

Материал авторы